Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобалары: бастамалар талқыланып, Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласы мәслихаты мен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, онда Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобалары талқыланды.

Отырыс барысында Алматыда заманауи жыл бойғы туристік инфрақұрылым қалыптастыруға және тау туризмін дамытуға бағытталған екі ірі бастама таныстырылды.

«Almaty Superski» жобасы халықаралық деңгейдегі заманауи төрт мезгілдік тау экожүйесін құруды көздейді. Жоба аясында жаңа аспалы жолдар, әртүрлі деңгейдегі тау шаңғысы трассалары, туристік инфрақұрылымы дамыған заманауи тау қалашығы, сондай-ақ хайкинг бағыттары, веложолдар және өзге де белсенді демалыс түрлері қарастырылған.

Сонымен қатар, Алматы тау кластерін дамыту жобасы таныстырылып, ол тау аумақтарын кешенді дамытуға және өзара байланысқан заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді. Жоба аясында «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын Кімасар, Бутаковка шатқалдары және өзінің әлеуметтік әрі инклюзивті бағытын сақтайтын «Pioneer» курорты арқылы аспалы жолдар мен трассалар жүйесімен байланыстыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, табиғат аясындағы бұқаралық спортты дамытуға арналған «500К» бастамасы және тау туризмі саласына мамандар даярлауды көздейтін «Алматы тау академиясы» жобасы ұсынылды.

Екі жобаның да негізіне экологиялық тұрақтылық қағидаттары алынғаны ерекше атап өтілді. Қазіргі уақытта гидрология, зоология, топырақтану және өзге де экологиялық зерттеулер бағытында ғылыми институттармен және салалық сарапшылармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында балаларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеңілдіктерді сақтау, әрі келушілер үшін қолжетімді баға саясатын қалыптастыру мәселесіне басымдық берілетіні айтылды.

Жобалар жан-жақты әрі қызу талқыланды. Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарын білдірді. Атап айтқанда, таулы аймақтардағы экологияны сақтау мен қауіпсіздік мәселелері, авиациялық құтқару көмегін дамыту, қаланың 4 ірі ауруханасы аумағында тікұшақ алаңдарын орналастыру мүмкіндігі, тауға апаратын қосымша автомобиль жолдарын салу және қолданыстағы жолдарды кеңейту мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, болашақта отандық туристер мен еліміздің азаматтары үшін жеңілдетілген баға саясатын енгізу бойынша да ұсыныстар айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобаларын одан әрі іске асыруды қолдап, бұл бастамалар қала экономикасына жыл сайын шамамен 300 млрд теңге көлемінде қосымша үлес қосуға және туризм саласы мен сабақтас секторларда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-almaty/press/news/details/1224712?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version