Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті 2026 жылдың I тоқсанындағы жұмыс қорытындыларын шығарды. Департамент қызметінің негізгі нәтижелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Департамент басшысы Дамир Даулетбаев баяндады.
Департамент басшысының айтуынша, медициналық көмектің сапасына қатысты азаматтардың өтініштері азайғанымен, Алматы қаласындағы медициналық ұйымдар мен дәрілік заттар айналымын бақылау жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Тексеру қорытындысы бойынша ондаған субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 18 млн теңгеден асты.
Департамент қызметінің негізгі бағыттары медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болып қала береді.
2026 жылдың I тоқсанында Департаментке медициналық көмектің сапасына қатысты азаматтардан 1280 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,5%-ға аз. 351 өтініш қаралып, оның 18-і бойынша медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Тұрғындар көбіне медициналық көмектің сапасына, медициналық қызметтерді ұйымдастыруға, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің этикасы мен деонтологиясына қатысты мәселелер бойынша жүгінген.
«Өтініштер санының азаюы медициналық қызмет көрсету сапасының оң динамикасын көрсетеді. Сонымен қатар Департамент медициналық ұйымдарды бақылау және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда», — деді Дамир Даулетбаев.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылау саласында азаматтардың өтініштері мен мемлекеттік органдар материалдары негізінде медициналық ұйымдарға 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша шамамен 2 млн теңге сомасына 19 әкімшілік хаттама толтырылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 37 нұсқама берілді, сондай-ақ материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Сонымен қатар, Департамент медициналық көмектің сапасына қатысты 13 өтініш бойынша азаматтарды жеке қабылдады. Әрбір өтініш бойынша қажетті түсіндіру жұмыстары мен консультациялар берілді.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезеңде тіркелмеген дәрілік препараттарды өткізу, шекті бағаларды асыру, лицензиясыз қызмет жүргізу және жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды сату фактілері бойынша 89 тексеру жүргізілді. Бақылау шараларының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16 млн теңгеден асатын 59 әкімшілік іс қозғалды.
Брифинг барысында стоматологиялық ұйымдарды тексеру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Прокуратура органдарының талабы бойынша 92 стоматологиялық мекеменің қызметіне талдау жүргізіліп, 85 медициналық ұйымда тексерулер ұйымдастырылды.
«Тексеру қорытындысы бойынша 46 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 әкімшілік хаттама толтырылды, сондай-ақ 18 лицензияның қолданысы кері қайтарылды немесе тоқтатылды», — деп хабарлады Дамир Даулетбаев.
Сонымен қатар Алматыда дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу жалғасуда. Ақпараттық жүйеде дәрілік препараттарды бөлшек саудада өткізетін 1291 субъект және көтерме саудамен айналысатын 257 субъект тіркелген. Дәріхана ұйымдарымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бақылау қызметінен бөлек, Департамент денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер де көрсетеді. Есепті кезеңде медициналық және фармацевтикалық қызметке лицензия беру, маман сертификаттарын және өзге де рұқсат құжаттарын рәсімдеуді қоса алғанда, 9 түр бойынша 4509 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Департаментте медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-almaty/press/news/details/1223657?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау