Аудан прокуратурасының үйлестіруімен кітапханада Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі №9 «Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» және 2023 жылғы 16 мамырдағы №13-НҚ «Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 489-бабы 1-бөлігінің 6) тармақшасының, 490-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасының, 2-бөлігінің және 491-бабы 5-бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулылары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау мәселелері бойынша Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары жеткізілді.
Полиция қызметкерлеріне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану барысында күдіктілер мен айыпталушылардың конституциялық құқықтарын, оның ішінде сот арқылы қорғалу, білікті заң көмегін алу, медициналық көмекке жүгіну, мемлекеттік органдарға өтініш жасау және процестік әрекеттерге қатысу құқықтарын бұзуға жол берілмейтіні түсіндірілді.
Сонымен қатар, қамауда ұстауға байланысты шектеулер қылмыстық процестің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті шектерде ғана қолданылуы тиіс екені, сондай-ақ заңдылық, пропорционалдық және адам құқықтарын негізсіз шектеуге жол бермеу қағидаттарын сақтау қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз ету, білікті заң көмегін алу, заңдылық қағидаттарын сақтау және қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақмола облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-akm-obl/press/news/details/1224280?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау