АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ШҰБАРСУДА ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

✔️Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
✔️Кездесу барысында аудан басшысы өткен есепті жиында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмағанын айтып, олардың кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын жеткізді.
— Алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, ауыз су, жол, интернет және газ мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Қазіргі таңда бұл мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан әкімі.
✔️Есепті жиында Шұбарсу ауыл округінде атқарылған жұмыстар кеңінен таныстырылды. Инфрақұрылымды дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары. Қазіргі таңда газ құрылысының үшінші және төртінші кезеңдері бойынша жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Газ тіреуіштері мен құбырларын орнату жұмыстары жүргізіліп, сырлау кезеңі аяқталуға жақын. Аудан басшысы Шұбарсуды толық табиғи газбен қамту биылғы жылдың соңына дейін жоспарланып отырғанын жеткізді.
✔️Кездесу барысында ауыз су мәселесі мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кеңінен қозғалды. Жалпы ұзындығы 394 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелердің 2022–2025 жылдары 179 шақырымына тас төселген. 2026 жылы 16 шақырым жолға тас төселіп, қосымша 12 шақырым жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2025 жылы 15 шақырым асфальт төселсе, 2026 жылы тағы 15 шақырым жолды асфальттау көзделуде.
✔️Бұдан бөлек, 2026 жылға арналған жоспар аясында 3 ойын алаңшасы, 1 спорт алаңшасы, Қалметов көшесіне аллея, Қонаев көшесін кеңейту және абаттандыру, сондай-ақ Шымкент–Самара тас жолы бойында демалыс аймағын салу қарастырылған.
✔️Ауыл округінде абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Мәдениет үйінің алдына абаттандыру, сахна және аллея құрылысы басталған. Сонымен қатар, заманауи ашық спорт және балалар ойын алаңшаларының құрылысы жүргізілуде.
✔️Кездесу барысында аудан әкімі Шұбарсудың әлеуеті жоғары, болашағы зор ауылдардың бірі екенін атап өтті.
✔️Есепті кездесуден кейін аудан басшысы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, газ және ауыз су жобаларының барысымен танысты. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды жеделдетуді тапсырып, ауыз су мәселесін толық шешу бойынша нақты мерзім белгіледі.
✔️Сондай-ақ, газ құрылысының үшінші кезеңіндегі жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1223844?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version