Қаладағы Көрме орталығында бүгін дәстүрге айналған “Senat open 2026” III Ашық кубогының 1/4 финалдық кезеңі өтуде. Сананы сергітіп, стратегиялық ойлауды шыңдайтын зияткердік додаға түрлі саланың өкілдері, жалпы 100-ден астам адам қатысады. Олардың арасында мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания өкілдері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандары, БАҚ өкілдері, ардагерлер бар.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов құттықтау сөз сөйлеп, сайысты ашып берді.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу керек екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігін айтып келеді. Осы орайда шахмат спортын дамытуда кешенді жоспар жасалған болатын. Сондықтан да қазіргі уақытта әуесқой шахматшылар арасында бәсекені ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр. Шахматтың функционалды ойлау жүйесін арттыруға, есте сақтау қабілетін дамытуға көмегі зор. Бүгінгі жарыста үздік ойын көрсеткендер жартылай финалға жолдама алады. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бүгін зерде мен зият сынға түспек. Бұл тек жарыс емес, тәжірибе мен табандылықты, ой-өрісті дамытатын алаң. Жарыс қорытындысы бойынша үздік 35 қатысушы анықталып, олар маусым айында өтетін жартылай финалда Шымкент қаласының атынан бақ сынайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1224764?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау