Еңбек және ұжымдық шарттарды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу
Еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек саласындағы мемлекеттік бақылауды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасында Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (бұдан әрі – ЕШЕБЖ) жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жұмыс берушілердің назарын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес ЕШЕБЖ-ға еңбек және ұжымдық шарттар туралы мәліметтерді уақытылы және дұрыс енгізу қажеттілігіне аударады.
ЕШЕБЖ-ға мәліметтерді ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 353 бұйрығымен бекітілген ЕШЕБЖ-ға еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 1-бабы 1-бөлігінің 35-1) тармақшасына сәйкес ЕШЕБЖ еңбек шарттарын, еңбек қызметін және қызметкерлер санын есепке алуды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе болып табылады.
ҚР ЕК 23-бабы 2-бөлігінің 27) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасу және оны тоқтату, оған енгізілетін, 28-баптың 1-бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтерді қамтитын өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты, сондай-ақ ҚР ЕК 99-бабында көзделген демалыстарды беру туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ЕШЕБЖ-ға енгізуге міндетті.
Ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шарттардың да маңызы зор. Оларда еңбекақы төлеу, еңбек жағдайлары мен оны қорғау, жұмыс уақыты мен тынығу, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мәселелері және басқа да ережелер көрініс табады.
ҚР ЕК 1-бабы 1-бөлігінің 79) тармақшасына сәйкес ұжымдық шарт – қызметкерлердің атынан олардың өкілдері мен жұмыс беруші арасында жасалатын, ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт болып табылады.
ЕШЕБЖ-ға мәліметтерді енгізбеу, мерзімдерін бұзу немесе анық емес ақпаратты ұсыну Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘҚБтК) 98-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Айыппұлдардың мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты және 150 айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) дейін, ал қайталап бұзылған жағдайда 200 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.
ЕШЕБЖ-ны жүргізу қызметкерлердің еңбек өтілін растауға, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға, бейресми жұмыспен қамту деңгейін төмендетуге және кадрлық құжат айналымын жеңілдетуге ықпал етеді.
Осылайша, ЕШЕБЖ еңбек саласын цифрландырудың және еңбек қатынастарын мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттырудың маңызды құралы болып табылады.
Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және ЕШЕБЖ-ға мәліметтердің уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуге шақырады.
ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы
Д.Д. Купеева
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzh-ozsp/press/news/details/1224052?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау