Конституциялық Сот баламен қарым-қатынас тәртібі туралы шешімдерді орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу шығыстарын бөлу мәселесін қарайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Телеграмм КС – https://t.me/consot_kz

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты азаматтың Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 118-бабы 1-тармағының екінші бөлігінің және Әділет министрінің «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» бұйрығындағы ескертпенің үшінші абзацының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша отырыс өткізді. Аталған нормалар жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мәселелерін реттейді. 

Дауланып отырған нормалар баламен қарым-қатынас тәртібін айқындауға байланысты атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу міндетін ата-аналардың әрқайсысына тең үлеспен жүктеуді көздейді.

Өтініш иесінің ұстанымы

Өтініш иесінің пікірінше, қолданыстағы құқықтық реттеу баламен қарым-қатынас тәртібі туралы сот актісін орындау кезінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу шығыстарын екі ата-анаға тең дәрежеде жүктеуді негізсіз көздейді.

Өтініш иесі сот шешімін мәжбүрлеп орындауға байланысты шығыстар сот белгілеген баламен қарым-қатынас тәртібін орындаудан жалтарып отырған ата-анаға жүктелуге тиіс деп есептейді.

Сонымен қатар, оның пікірінше, дауланып отырған ережелер заң мен сот алдындағы баршаның теңдігі қағидатын бұзады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 және 39-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтарды шектеудің жол берілетін шектерінен шығады.

Істің мән-жайы

Өтініш материалдарынан көрінгендей, сот шешімімен кәмелетке толмаған балаларының тұрғылықты жері анасымен айқындалған өтініш иесінің балаларымен қарым-қатынас тәртібін белгілеу туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылған.

Атқарушылық парақ негізінде жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, оның шеңберінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін әр ата-анадан 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгілеген.

Өзіне жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу міндетінің жүктелуімен келіспеген өтініш иесі тиісті қаулыны сот тәртібімен даулаған. Ол сот актісін мәжбүрлеп орындауға байланысты шығыстар баланың екінші ата-анасымен қарым-қатынас тәртібін қамтамасыз ету туралы сот шешімін орындаудан жалтарып отырған ата-анаға жүктелуге тиіс деп санайды.

Отырысқа қатысушылар

Конституциялық Сот отырысына өтініш иесі мен оның адвокаты, Парламент Сенатының, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының және Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.

Баяндамашы судья – А.Е. Жатқанбаева.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес КС ресми сайтында сілтеме бойынша, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1224216?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version