Мойынқұм ауданы әкімдігінде аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Кеңес барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, облыс әкімдігімен бекітілген индикаторлардың орындалу барысы сараланып, әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралды. Сонымен қатар, жоспарланған межелерге қол жеткізу бағытындағы міндеттер нақтыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Жиында күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – берешек көлік салығын өндіру жұмыстары болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар талданып, салық түсімдерін арттыру мақсатында жауапты мекемелерге жүйелі жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, аудан аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың барысы қаралды. Аурудың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан залалсыздандыру, түсіндіру және сақтық шаралары жөнінде тиісті сала мамандары баяндама жасады. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Кеңес барысында ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының ресми интернет ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен кері байланысты нығайту және атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты түрде жариялап отыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойы мен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына дайындық жұмыстары кеңінен талқыланды. Мерейтой аясында ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралардың жоспары қаралып, қатысушылар тізімін әзірлеу, ұйымдастыру мәселелері пысықталды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Ермек Карентаев жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, барлық жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде орындауды міндеттеді. Сонымен бірге, көтерілген мәселелер бойынша бақылауды күшейтіп, нәтижелі жұмысты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1224377?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау