Адам өмірінде жанын байытып, шабыт сыйлайтын ерекше дүниелер болады. Біреуге ол – музыка, енді біреуге – спорт немесе кітап оқу. Ал кей адамдар үшін шығармашылық – өмірінің ажырамас бөлігіне айналады. Осындай жанның бірі – Ертіс ауылының сәбилер бақшасының басшысы Гүлжан Сыздыкова.
Оның шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі анасының өнегесінен бастау алады. Анасының қарапайым матадан әдемі дүниелер жасап, киім тігіп отырғанын көріп өскен кішкентай қыздың жүрегінде өнерге деген ерекше ықылас оянады. Сол бір жылы әсер уақыт өте келе үлкен махаббатқа, өмірлік ұстанымға айналды.
Ұстаздық жолға қадам басқан кезде бұл қызығушылық жаңа қырынан ашылды. Мектепте еңбек етіп жүріп, сәндік-қолданбалы өнер үйірмесін жүргізді. Балалармен бірге саздан ойыншықтар жасап, оларды әсем өрнектермен безендірді. Дымков, филимонов ойыншықтары, гжель және хохлома сынды халықтық қолөнер түрлерімен таныстырып, ұлттық мәдениеттің байлығын дәріптеді. Әр сабақ балалар үшін шабыт пен қуанышқа толы ерекше әлемге айналды.
Уақыт өте келе бұл сүйіспеншілік тек хобби болып қалмай, үлкен тәрбиелік мәні бар іске ұласты. Балабақшада «Шеберлер қаласы» атты шығармашылық кабинеті ашылып, онда балалар қолөнердің қыр-сырын үйрене бастады. Мұнда бүлдіршіндер әртүрлі материалдармен жұмыс жасап, мүсіндеу, бояу, әшекейлеу тәсілдерін меңгереді. Ең бастысы – олар әсемдікті сезінуге, түрлі халықтардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге тәрбиеленеді.
Бүгінде Гүлжан Сағадатқызы басшылық қызметте болса да, шығармашылықтан алыстаған емес. Қанша жерден жұмысы көп болса да, жанын қуантатын ісіне уақыт табады. Әсіресе балаларға арналған сахналық образдар мен костюмдер тігу – оның сүйікті ісінің бірі. Әрбір костюмді дайындағанда балалардың қуанышын, сахнадағы жарқын сәттерін елестетеді. Себебі бала өзін ерекше сезінген кезде оның бойында сенім мен шабыт пайда болады.
Жақында ол тағы бір арманына қол жеткізді – қуыршақ театрын құрды. Бұл театр арнайы тәрбиешілерге арналған. Ертегілерді сахналау арқылы балалардың қиялын дамытып, оларды театр әлемімен таныстыру мақсаты көзделген. Қуыршақтардың бейнесін ойлап тауып, оларды өзі пішіп, тігіп, жан бітірген сәттер шығармашылық иесіне ерекше әсер сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1224639?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау