Қарағанды облысында полицияның экологиялық бақылауы мен тұрғындардың белсенділігі оң нәтиже беруде. Қарағанды облысы полиция қызметкерлерінің санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау бағытындағы күнделікті жұмысы нақты әрі көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізуде. Бүгінде полицейлер экологиялық заңнаманы бұзудың 18 мыңнан астам дерегін анықтады. Бұл тек құқықбұзушылықтарды тіркеумен шектелмей, белгіленген талаптарды елемейтін азаматтар мен ұйымдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған жүйелі жұмыс екенін көрсетеді. Нәтижесінде 246 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға тиісті айыппұлдар салынды. Қоршаған ортаны қорғау ісіндегі маңызды жетістіктердің бірі — өңір тұрғындарымен орнатылған тығыз байланыс. Азаматтардан келіп түскен жедел ақпараттың арқасында 84 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, жойылды. Мұндай бейберекет қоқыс орындары экожүйеге де, тұрғындардың денсаулығына да елеулі қауіп төндірген. Бірлескен жұмыс тұрғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымының артып келе жатқанын аңғартады. Заңсыз қоқыс төгу деректерінің алдын алу және оған тосқауыл қою шаралары ерекше бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар барысында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын ұйымдастыруға қатысы бар 45 жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушылық салдарын толық жоюды қамтамасыз ету мақсатында тәркіленген көліктер айып тұрағына қойылды. Олар экологиялық талаптар толық орындалғаннан кейін ғана иелеріне қайтарылады. Экологиялық талаптарды өрескел бұзудың бір мысалы Қарағанды қаласында тіркелді. 41 жастағы тұрғын түнгі уақытта тұрмыстық қалдықтарды бірнеше рет сыртқа шығарып, шағынаудандардың бірінің маңында заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған. Оның әрекеті кезекті құқықбұзушылық кезінде полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмай, дер кезінде тоқтатылды. Нәтижесінде азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы демалыс аймақтарының бірінде табиғатқа салғырт қараудың тағы бір дерегі анықталды. Облыс орталығындағы ірі жоғары оқу орындарының бірінің қызметкерлері макулатураны заңсыз төккені белгілі болды. Осыған байланысты университетке 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, қоқыс үйіндісін толық тазарту міндеттелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1223724?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау