Қарағандыда интернет-алаяқтарға қарсы ауқымды соққы: күніне 2800 күмәнді қоңырау бұғатталады. Қарағанды қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кең көлемді профилактикалық акция өтті. 16 мамыр күні Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастамасымен City Mall, «Абзал», «Таир» сауда үйлерінде, сондай-ақ қалалық саябақтар мен адам көп шоғырланатын орындарда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 1000-нан астам полиция қызметкері, әкімдік өкілдері, қоғамдық белсенділер, блогерлер мен еріктілер жұмылдырылды. Акция барысында азаматтарға қазіргі қоғамда кең таралған интернет-алаяқтық схемалары түсіндіріліп, қаскөйлердің арбауына түсіп қалмаудың жолдары айтылды. Сонымен қатар патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүргізушілерге ескерту жадынамаларын таратты. Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салиннің айтуынша, негізгі мақсат — халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. — Қазіргі таңда алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Сондықтан тұрғындардың қырағылығы аса маңызды, — деді Ш. Салин. Полиция қызметкерлері тұрғындарды:
— күмәнді қоңырауларға сенбеуге;
— онлайн несие рәсімдемеуге;
— фишингтік сілтемелерге өтпеуге;
— жалған интернет-дүкендер арқылы тапсырыс жасамауға;
— банк карталары мен жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Сонымен қатар азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары түсіндіріліп, алаяқтардың жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізу тәсілдері жан-жақты баяндалды. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында интернет-алаяқтық бойынша 300-ден астам дерек тіркелген. Киберқылмысқа қарсы күрес аясында жедел-іздестіру шаралары да күшейтілген. Нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері «Крыша.кз» платформасы арқылы пәтер жалға беру сылтауымен азаматтарды алдаған 26 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында оның бірнеше эпизодқа қатысы бары анықталып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Полицияның мәліметінше, бүгінде күмәнді нөмірлерді анықтап, бұғаттаумен айналысатын арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын жүйе шамамен 3000 күмәнді қоңырауды тіркейді. Оның ішінде орта есеппен 2800 қоңырау нақты алаяқтық әрекет ретінде танылып, жедел түрде бұғатталады. Сондай-ақ жыл басынан бері 5 қылмыстық іс хаттамалық тәртіппен сотқа жолданып, кінәлі тұлғаларды қысқа мерзімде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берілген. Қарағанды қаласы Полиция басқармасы тұрғындарды интернет арқылы мәміле жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады. Әсіресе тұрғын үйді жалға алу барысында меншік иесімен жеке кездеспей және құжаттарын тексермей алдын ала төлем жасамау қажеттігін ескертеді. Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу «102» арнасына хабарласыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1223743?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау