Еліміздің барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды, оның ішінде 215 мыңнан астамы — 11-сынып түлектері, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам оқушы 9-сыныпты үздік аттестатпен аяқтауға үміткер. Ал 11-сынып түлектерінің арасында 18 мың оқушы үздік аттестат алуға үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп пайдалануға берілді, оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі уақытта бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, шамамен 16 мың педагог жұмыс істеуде.
Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағаттары барысында оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі ең жарқын оқиғалар атап өтіледі. Сонымен қатар, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға деген құрметті арттыруға, сондай-ақ Халықтық Конституцияда айқындалған маңызды стратегиялық бағыттардың бірі ретінде инновациялық ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ оқушыларға жазғы демалыс кезеңіне арналған ұсынылатын әдебиеттер тізімі ұсынылады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларды өткізуге байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтарды талап етуге жол берілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Бұл бірлескен бұйрық түлектерге арналған іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1224482?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау