Мазмұны:
- Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы;
- «Польша – Қазақстан» парламенттік достық тобы делегациясының сапары туралы;
- Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 22-отырысы туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы;
- Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директорының сапары туралы;
- Жұмысқа орналасу немесе білім алу мақсатында Ресей Федерациясына баратын Қазақстан азаматтарына қойылатын жаңа талаптар туралы;
- Шенген аймағында кіру/шығу жүйесінің (EES) енгізілуі туралы;
- Шетелге сапармен шығуды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар.
- Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы
2026 жылғы 8 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
Құжатты ратификациялау қазақ-британ өзара іс-қимылының жаңа кезеңін ашып, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін заманауи құқықтық негіз қалыптастырады.
- «Польша – Қазақстан» парламенттік достық тобы делегациясының сапары туралы
2026 жылғы 18-21 мамыр аралығында Астанаға «Польша – Қазақстан» парламенттік достық тобы делегациясының топ төрайымы Барбара Бартущ бастаған сапары өтуде.
Сапар бағдарламасы аясында Қазақстанның заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерімен бірқатар кездесулер жоспарланған. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінде достық тобының қазақстандық бөлігінің төрайымы Снежанна Имашевамен, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатында достық тобының қазақстандық бөлігінің төрағасы Андрей Лукинмен келіссөздер өткізу көзделген.
Сонымен қатар, поляк делегациясы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовпен кездесу өткізді.
Сапар аясында поляк делегациясы бірқатар мәдени-гуманитарлық және инновациялық нысандармен де танысады. Атап айтқанда, «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне, «Alem.AI» жасанды интеллект орталығына, сондай-ақ поляк диаспорасының өкілдері тығыз қоныстанған Ақмола облысының Петровка ауылына бару жоспарланған.
Сапар парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
- Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 22-отырысы туралы
2026 жылғы 19 мамыр күні Астанада Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 22-отырысы өтті.
Үкіметаралық комиссиясы отырысының күн тәртібіне (төрағалар: қазақстандық тараптан – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, неміс тарапынан – Германия Федералдық үкіметінің қоныс аударушылар және ұлттық азшылықтар істері жөніндегі уәкілі Бернд Фабрициус) білім беру, мәдениет, ғылым, жастар саясаты, экономикалық ынтымақтастық, іскерлік байланыстарды ынталандыру және визалық режимді жеңілдету салаларындағы ынтымақтастық мәселелері енгізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанда тұратын этникалық немістерді жан-жақты қолдау жөніндегі екі ел үкіметтерінің болашақтағы шараларын көздейтін Коммюнике қабылданды.
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы
2026 жылғы 22 мамырда Ашхабад қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Күн тәртібіне сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп салаларындағы, көлік және цифрландыру бағыттарындағы бірлескен қызметті дамыту, конгресс-көрме қызметі мен радионавигация мәселелері енгізілген.
Үкімет басшылары кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін негізгі көлік артерияларын ұштастыру тұжырымдамасын бекітеді деп жоспарлануда.
Отырыс қорытындылары интеграциялық үдерістерді тереңдетуге және Достастық мемлекеттері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.
- Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директорының сапары туралы
2026 жылғы 25-27 мамыр аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гроссинің Қазақстанға сапары өтеді
Сапар аясында жоғары деңгейдегі кездесу, 2026-2036 жылдарға арналған агенттікпен ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Жол картасына және ғылым мен ядролық медицина салаларындағы ынтымақтастық туралы өзге де құжаттарға қол қою жоспарланған.
- Жұмысқа орналасу немесе білім алу мақсатында Ресей Федерациясына баратын Қазақстан азаматтарына қойылатын жаңа талаптар туралы
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы азаматтарын Ресей Федерациясының аумағына кіру кезінде қосымша талаптардың енгізілгені туралы хабардар етеді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге еңбек қызметін жүзеге асыру немесе білім алу мақсатында баратын Қазақстан азаматтары үшін «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалану енгізіледі.
Белгіленген тәртіпке сәйкес шетел азаматтары аталған қосымшада жеке профиль құрып, Ресей Федерациясына кіру туралы электрондық өтінішті мемлекеттік шекараны жоспарланған кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы қажет.
Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада кіру құқығын растайтын жеке QR-код қалыптастырылады. Аталған QR-код өтініш берілген сәттен бастап 90 күн бойы жарамды болады.
Министірлік Қазақстан Республикасы азаматтарына кіру талаптарымен алдын ала танысып, Ресей Федерациясына сапарларды жоспарлау кезінде осы өзгерістерді ескеруді ұсынады.
- Шенген аймағына кіру/шығу жүйесінің (EES) енгізілуі туралы:
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы азаматтарын Шенген аймағы мемлекеттерінде автоматтандырылған кіру/шығу жүйесінің (Entry/Exit System, EES) енгізілгені туралы хабардар етеді.
Шенген аймағының 29 елінде Еуропалық комиссия енгізіп отырған EES жүйесі толыққанды жұмыс істеуде. Аталған жүйе үшінші елдер азаматтарының Шенген аймағының сыртқы шекараларын кесіп өтуін цифрлық есепке алуға арналған және іс жүзінде паспорттарға мөр басу рәсімін алмастырады. Ол туристерді, іскерлік сапармен келетін тұлғаларды, сондай-ақ транзиттік жолаушыларды қоса алғанда, саяхатшылардың барлық санаттарына қолданылады.
Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш кірген кезде шетел азаматтарынан жол жүру құжатының деректері, биометриялық мәліметтер (бет бейнесі мен саусақ іздері), сондай-ақ кіру және шығу күні мен орны міндетті түрде тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардан саусақ іздері алынбайды. Деректерді сақтау мерзімі дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, үш жылға дейінгі кезеңді құрайды. Жүйеде кіруге тыйым салу жағдайлары да тіркеледі.
Кейінгі сапарлар кезінде шекарадан өту рәсімі, әдетте, жеңілдетіліп, тұлғаны бет бейнесі арқылы растауды көздейді. Биометриялық деректерді ұсынудан бас тартқан жағдайда Шенген аймағына кіруге тыйым салынады.
Жүйенің жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде, әсіресе алғашқы кіру пункттерінде шекаралық бақылаудан өту уақытының ұзаруы мүмкін. Осыған байланысты транзитпен жол жүретін азаматтарға рейстер арасындағы ауысуға қосымша уақыт қарастыру ұсынылады.
Рәсімдерді жеңілдету мақсатында Еуропалық одақ «Travel to Europe» мобильді қосымшасын әзірледі, ол келуге дейін 72 сағаттан ерте емес мерзімде паспорт деректерін және биометриялық фотосуретті жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды.
- Шетелге сапармен шығуды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар
Соңғы кездері Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде иммиграциялық, визалық, транзиттік және кедендік талаптарды орындамау немесе білмеу салдарынан қиын жағдайға тап болу жағдайлары көбейіп келеді.
Бұл қажетті визалар мен құжаттардың болмауына байланысты ұшаққа отырғызудан бас тарту, болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды тасымалдау әрекеттері және шетелде транзиттік және болу ережелерін сақтамау жағдайларын қамтиды.
Осыған байланысты, азаматтарға шетелге шығар алдында баратын елдің, сондай-ақ транзиттік елдердің заңдарын, визалық және иммиграциялық талаптарын мұқият қарап шығуды ұсынамыз. Төлқұжаттардың, визалардың, тұруға рұқсаттардың және басқа да құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аудару қажет.
Сондай-ақ медициналық сақтандыру сатып алуды, әуе билеттерін тек ресми қызметтер арқылы сатып алуды, әуе багажы мен транзит талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғалармен бөліспеуді және басқа адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін немесе ішіндегісін нақты білмейтін басқа да пакеттерін тасымалдамауды ұсынамыз. Жұмысқа, оқуға немесе ем алуға шетелге шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңды түрде алынғанына алдын ала көз жеткізуі керек.
Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсететінін атап өткіміз келеді. Дегенмен, азаматтар баратын елдің заңдарын сақтауға және белгіленген талаптарды орындауға өздері толық жауапты.
Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге сапарларын жауапкершілікпен жоспарлауға және шетел мемлекеттерінің заңдарын қатаң сақтауға шақырамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1224655?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау