Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің делегациясы Ташкент қаласында өткен халықаралық форумға қатысты
Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Сот төрелігі академиясы ұйымдастырған «Түркі мемлекеттеріндегі сот-құқықтық білім беру және сот төрелігі: цифрлық трансформация және озық тәжірибені интеграциялау» атты халықаралық форум өтті.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның бейінді білім беру және ғылыми мекемелерінің, мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Форум барысында судьяларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, білім беру үдерістеріне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, электрондық сот төрелігін дамыту, сондай-ақ сот-құқықтық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан тарапынан форумға Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Кәкен Қасаболатов, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин, сондай-ақ Академияның ақпараттық технологиялар қызметінің басшысы Айхан Шөменов қатысты.
Кеңес атынан алғы сөз сөйлеген Кәкен Қасаболатов түркі мемлекеттері арасындағы сот-құқықтық білім беру және судья кадрларын даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қанат Мусин Академияның Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына өткеннен кейінгі трансформация нәтижелерін таныстырып, судьялардың біліктілігін арттыру жүйесіне заманауи білім беру тәсілдерінің енгізілуі мен сот жүйесі үшін кадрлар даярлау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға және түркі мемлекеттерінің сот және білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік білдірді.
Түркі сот-құқықтық даярлау желісі аясындағы серіктестікті дамыту Сот төрелігі академиясының халықаралық ынтымақтастықтағы басым бағыттарының бірі болып табылады және Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың қолдауымен жүзеге асырылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1223989?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау