Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиевтің ExxonMobil компаниясының Халықаралық үкіметтік байланыстар жөніндегі аға директоры Юрия Ким бастаған өкілдерімен кездесуі өтті.
ExxonMobil әлемдегі ең ірі халықаралық энергетикалық компаниялардың бірі әрі Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. Компания елімізде 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Теңіз, Қашаған, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы секілді негізгі энергетикалық жобаларды іске асыруға қатысады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның экономикалық дамуы, елдің инвестициялық тартымдылығы, жаһандық экономикадағы өзгерістер және тұрақты өсуді қамтамасыз етудегі ірі энергетикалық жобалардың рөлі мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуді аша отырып, Әсет Ерғалиев Қазақстанның заманауи әрі орнықты даму моделін қалыптастыруға бағытталған саяси және экономикалық реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде бәсекелестік тек ресурстар үшін ғана емес, технологиялар, адами капитал және экономиканың жаһандық өзгерістерге жедел бейімделу қабілеті үшін де жүріп жатыр. Сондықтан біз үшін жүйелі әрі ұзақ мерзімді даму моделін қалыптастыру маңызды», – деп атап өтті Әсет Ерғалиев.
СЖРА басшысы сондай-ақ мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін, сонымен қатар технологиялық жаңғырту мен жаңа өсу нүктелерінің пайда болуына мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу барысында инвестициялық тұрақтылық, капитал үшін халықаралық бәсекелестік, сондай-ақ жоғары жаһандық белгісіздік жағдайында ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты әрі болжамды жағдайларды қамтамасыз ету қажеттілігі мәселелері талқыланды.
Юрия Ким Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы даму қарқыны мен елде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында айтарлықтай даму жолынан өтті. Халықаралық серіктестер үшін жүргізіліп жатқан реформалардың тұтас бейнесін түсіну және елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын түсіну аса маңызды», – деп атап өтті Юрия Ким.
Кездесу Қазақстан экономикасының болашағы, елдің инвестициялық тартымдылығы және халықаралық нарықтар мен энергетика секторына ықпал ететін жаһандық өзгерістер мәселелері бойынша ашық пікір алмасу форматында өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aspr/press/news/details/1224748?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау