Сәйкестік декларациясы және кедергісіз орта

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 9 қаңтардағы №253-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс процесіне қатысушылардың барлығы үшін мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімді орта талаптарына объектілердің сәйкестігіне қатысты жауапкершілік күшейтіледі.

Сәйкестік декларациясы – мердігердің (бас мердігердің) аяқталған құрылыс объектісі бойынша орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат.

Мемлекеттік органдар тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарды сақтауына қатысты тексеру жүргізеді, оның ішінде:

халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілгенін растауының болуы.

Нақтысында, бұл объектінің қауіпсіз пайдалануға дайын екенін және белгіленген талаптарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес келетінін растайды.

Объектілерді пайдалануға беру кезінде қолжетімділік талаптарының тек формалды түрде емес, азаматтардың өз бетінше және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігін нақты қамтамасыз етуі маңызды.

Қолжетімділік — бұл жеке бір элемент емес, адамның объектіні кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін жағдайлардың тұтас жүйесі.

Қолжетімділік бөлігінде пандустардың, санитарлық бөлмелердің, кіреберіс топтарының, лифтілердің, тактильді көрсеткіштердің, қозғалыс жолдарының, автотұрақтардың және қолжетімді ортаның басқа да элементтерінің болуы мен сәйкестігі тексеріледі.

Кедергісіз орта қалыптастыру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес әлеуметтік инфрақұрылым объектілері мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделуі тиіс.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, еліміздің қолданыстағы заңнамасында бекітілген құқықтарының бұзылуына тап болмауы қажет.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау мәселелеріне қатысады.

Объектілерді бейімдеу, кедергісіз орта нормаларын сақтау мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде тиісті түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізіледі.

Сәйкестік декларациясы құрылысқа қатысушылар мен объектінің дайындығын растайтын тұлғалардың дербес жауапкершілігін көздейді.

Егер объект белгіленген талаптарға, соның ішінде қолжетімділік талаптарына сәйкес келмесе, бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті жауапкершілік шараларына әкеп соғуы мүмкін.

Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы ашықтық, жауапкершілік және сапа қағидаттарын күшейтеді. Мемлекеттік органдар, жобалау ұйымдары, техникалық және авторлық қадағалау арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл нығайтылуда.

Бүгінгі күндегі басты назар — объектіні жай ғана салу емес, оның қауіпсіздігін, функционалдылығын және халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Заманауи объект денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан әрбір адамға ыңғайлы болуы тиіс.

Біздің ортақ міндетіміз — облыстың барлық тұрғындары үшін шынайы қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру.

 

Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы
Илимжанова Зайда Абдыманановна

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1224617?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version