Сарыағаш ауданында аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен келеңсіз жағдайлардың алдын алудағы ведомствоаралық байланысты нығайту.
Іс-шараға аудан прокуратурасының, полиция басқармасының, білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, педагогтер мен ата-аналар қатысты. Форум барысында балалар қауіпсіздігі, отбасы тәрбиесі, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қозғалды.
Жиында аудан әкімі Арман Абдуллаев сөз сөйлеп, бала тәрбиесі – ең алдымен отбасыдан басталатынын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы бала қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ата-ана, мектеп және қоғам болып бірлесіп жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.
– Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет. Әрбір ата-ана өз баласының болашағына бейжай қарамай, оның білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлуі қажет. Қауіпсіз әрі жарқын болашақ – сапалы тәрбие мен дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесі, – деді аудан әкімі.
Форум барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Қалдықараева мен аудан прокуратурасы өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, көрме ұйымдастырылып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, футбол ойнайтын роботтар көрсетіліп, оқушылардың инновациялық жобалары көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушылар бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1223748?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау