Сарыкөл ауданында көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

19 мамыр күні Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков жұмыс сапарымен аудан аумағындағы бірқатар егіс алқаптарын аралады. Сапар барысында аудан басшысы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, аграрлық саладағы бүгінгі ахуалды талқылады.

Кездесу барысында егіс науқанының қарқынына, шаруашылықтардың техникамен, тұқым және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды. Шаруашылық басшылары барлық жұмыстардың жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын және ауыл шаруашылығы техникалары толық көлемде жұмылдырылғанын атап өтті.

2026 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша ауданда көктемгі дала жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша жалпы егіс көлемі 99,7 мың гектарды құрап, жоспарланған көлемнің 26,5 пайызы орындалды. Оның ішінде дәнді дақылдар 67,4 мың гектарға, майлы дақылдар 34,1 мың гектарға егілді.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі бірнеше ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, «Агро-ПАРАСАТ» ЖШС-де 743 гектар жерге егіс егілген. Оның ішінде күнбағыс — 246 гектар, зығыр — 220 гектар, рапс — 165 гектар, жасымық — 112 гектарды құрайды.

«АгроПрайм» ЖШС-де 909 гектар алқапқа егіс жүргізілген. Оның негізгі бөлігін күнбағыс алып жатыр — 709 гектар, ал 200 гектар жерге бидай себілген.

Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «Нур-Айгер-СК» ЖШС-де бүгінгі таңда 5950 гектар жерге егіс жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде күнбағыс — 2050 гектар, бидай — 1000 гектар, жасымық — 2900 гектар.

Ал «Мелитопольское» ЖШС-де 4712 гектар жерге егіс егілді. Шаруашылық құрылымында зығыр — 1981 гектар, рапс — 1700 гектар, бидай — 1031 гектарды құрайды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда ауа райы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қолайлы болып отыр. Қолайлы жағдай сақталған жағдайда негізгі дала жұмыстары агротехникалық мерзімде аяқталады деп күтілуде.

Аудан әкімі Марат Шымырбеков көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

— Көктемгі дала жұмыстары — диқандар үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Бүгінде жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы аса маңызды. Бұл — болашақ өнімнің, азық-түлік қауіпсіздігінің және аудан экономикасының тұрақты дамуының кепілі. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті қолдау көрсетілуде, — деді аудан әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-sarykol-audany-akimat/press/news/details/1224147?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version