Ақтөбеде Жедел басқару орталығының камералары жолдағы жағдайды ғана емес, қоқысты бейберекет тастайтындарды да бақылауын жалғастыруда.
ЖБО операторлары тәулік бойы көшелер мен қоғамдық орындарды ластау деректерін анықтайды. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі — темекі тұқылын тротуарға немесе жол жиегіне тастау. Кейбір азаматтар темекі тұқылы жерге түсе сала өздігінен жоғалады деп ойлайтындай. Алайда, қырағы камералар мұнымен келіспейді — бәрін мұқият тіркеп отырады.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін 650-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 22 құқық бұзушы әдеттегі «шылым шегіп алуға үзіліс» орнына 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа уақыт бөледі.
Полиция қызметкерлері ескертеді: қала — күлсалғыш емес. Темекі тұқылын қоқыс жәшігіне дейін апару әлдеқайда оңай. Әйтпесе кейін қоғамдық жұмыстар кезінде камералардың да, тұрғындардың да назарында жүруге тура келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1223786?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау