Тіл — ұлттың жаны, халықтың рухани байлығы, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Ана тілін құрметтеген елдің болашағы да баянды болады.
Қазақстан — көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет. Осындай қоғамда мемлекеттік тілдің орны ерекше. Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, ел бірлігінің, тәуелсіздіктің және ұлттық құндылықтардың негізі.
Тіл мәселесі — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсету — халыққа деген құрметтің белгісі. Әрбір азамат мемлекеттік тілде ақпарат алуға, өтініш жасауға және жауап алуға толық құқылы.
Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Білім беру, ғылым, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және цифрлық технология салаларында мемлекеттік тілдің рөлі артып отыр. Бұл — тәуелсіз еліміздің үлкен жетістігі.
Алайда тілдің дамуы тек заңмен немесе бағдарламамен шектелмейді. Оның болашағы әрқайсымыздың көзқарасымызға, ниетімізге және күнделікті іс-әрекетімізге байланысты. Мемлекеттік қызметші халыққа үлгі болуы тиіс: ресми құжаттарды сауатты жүргізу, мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, қызмет көрсету мәдениетін арттыру — біздің кәсіби міндетіміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» — деген болатын. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту — елдікті нығайту, ұлттық рухты сақтау деген сөз.
Қорытындылай келе, тіл тағдырына бейжай қарамай, мемлекеттік тілдің беделін бірге көтерейік. Өйткені тіл тағдыры — ел тағдыры.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-tabigat/press/news/details/1224695?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау