Вильнюс, 2026 жылғы 19–20 мамыр – Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің, Литва және Латвия тоғызқұмалақ федерацияларының, сондай-ақ Вильнюстегі «Сантарос» гимназиясының қолдауымен Литва астанасында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген дәстүрлі қазақтың зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен ІІІ халықаралық балалар турнирі өтті.
19 мамыр күні «Сантарос» гимназиясында латвиялық оқушылар шеберлік сабағын өткізіп, оның барысында литвалық оқушылар ойынның негізгі қағидаларымен және ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Негізгі турнир 20 мамыр күні Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігінде өтті.
Турнир 2024 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және қазақ халқының ұлттық зияткерлік мұрасын насихаттауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Балтық елдері арасындағы білім беру және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Жарысқа Литва мен Латвиядан 30 астам оқушы қатысып, жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын көрсетті.
Турнир жеңімпаздары мен қатысушылары Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Еуропалық кеңістікте тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтың жыл сайын артуы Қазақстан, Литва және Латвия арасындағы мәдени-гуманитарлық және жастар ынтымақтастығының айрықша белгісіне айналуда.
Елшілік Латвия тоғызқұмалақ федерациясының президенті Л. Азимоваға, Литва тоғызқұмалақ федерациясының президенті А. Жандариске, сондай-ақ «Сантарос» гимназиясының әкімшілігіне турнирді ұйымдастыруға және қазақтың зияткерлік ойынын Балтық елдерінде насихаттауға қосқан тұрақты үлесі үшін алғысын білдіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vilnius/press/news/details/1224801?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау