ТҮРКІСТАН: МОБИЛЬДІК АУДАРЫМДАР КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАТЫСЫ БОЛМАСА САЛЫҚ ТӨЛЕНБЕЙДІ
Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді. Ол қазіргі таңда қоғамда мобильді аударымдарға қатысты сұрақтардың көбейгенін айтып, заңнама талаптарына кеңінен тоқталды.
«ҚР Салық кодексіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалардың шоттары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тек белгілі бір талаптар орындалған жағдайда ғана ұсынады. Атап айтқанда, қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан қаражаттың түсуі және түскен қаражат көлемі ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы қажет. Аталған талаптар орын алған жағдайда, бұл кәсіпкерлік қызмет белгілері ретінде қарастырылады. Кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын жеке шоттарға бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік кірістер органдары банктерден ақпарат алғаннан кейін жұмыстар екі кезеңде жүргізіледі. Алғашқы кезеңде салық төлеушіге табыс алу белгілерінің бар екендігі туралы ақпараттық хабарлама жолданады. Ескерту түсіндірме сипатында болады және оған жауап беру талап етілмейді. Бұл азаматқа өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік беру мақсатында жіберіледі. Ал екінші кезеңде камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жолданады. Тексеру барысында заң бұзушылық белгілері расталса, ресми хабарлама жолданады. Мұндай жағдайда салық төлеуші 30 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Азамат көрсетілген деректермен келіссе, салық төлеп, заң бұзушылықтарды жоюы қажет. Ал егер түскен қаражат кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ болса, онда түсіндірме ұсынылып, растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс»,- деді спикер.
Спикердің сөзінше, азамат кәсіпкер ретінде тіркелмей қызмет көрсеткені анықталса, алғаш рет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бір жыл ішінде қайталанса 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1223572?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау