Алматы облысының Ұйғыр ауданында жайылым жерлерін заманауи суармалы егістік алқаптарына айналдыру бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, шамамен 10 мың гектар жер егістік айналымына енгізіледі. Жобалар цифрлық технологияларды, су үнемдеу шешімдерін енгізуге және экспортқа бағытталған агроөнеркәсіп өндірісін дамытуға бағытталған.
Бұрын егіншілік мүлде жүргізілмеген аумақтарда фермерлер заманауи агротехнологияларды, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін, сондай-ақ өндірісті басқарудың автоматтандырылған шешімдерін енгізуде. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Harvest Agro» компаниясы Қалжат ауылында агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық технологияларды енгізуде. Жоба автоматтандырылған суару жүйесін, топырақты цифрлық талдау жабдықтарын, ылғалдылық датчиктерін, егістіктің жай-күйін бақылау жүйелерін және жасанды интеллект негізіндегі басқару элементтерін қолдануды көздейді.
Жобаны толық іске асыру 2026–2029 жылдарға жоспарланған. Инвестицияның жалпы көлемі – 18,2 млрд теңге. Жобаның жалпы жер аумағы 4,5 мың гектарды құрайды. Жыл сайын 20 мың тонна жүгері және 4,5 мың тонна мақсары өсіру жоспарланып отыр. Өнім Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ Қытай мен Иранға экспортталмақ.
Жоба аясында тереңдігі 300 метрге дейін жететін 120 ұңғыма қазылып, 120 дана «Center Pivot» үлгісіндегі жаңбырлатып суару жүйесі орнатылады. Әр қондырғы үшін қажетті су беру көлемі сағатына 125–150 текше метрді құрайды.
Қазіргі уақытта 30 ұңғыма қазылып, 30 жаңбырлату жүйесін орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Assem Kaljat» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.
Кәсіпорын 2,5 мың гектар жайылымды суармалы жерге айналдырып, жүгерінің 12 сұрпын еккен. Жоба аясында тереңдігі 180–200 метр болатын 59 ұңғыма қазылып, 59 трансформатор орнатылған, 40 шақырымнан астам электр желісі және әртүрлі диаметрдегі 300 шақырымнан астам магистральдық тамшылатып суару құбырлары тартылған.
Шаруашылықта Claas және Case маркалы тракторлар мен комбайндар, сепкіштер, бүріккіш-дрондар, сондай-ақ тіркемелі және аспалы жабдықтардың кең түрі қолданылуда.
Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп қана қоймай, Өзбекстан, Иран және Қытайға экспортталады. Негізгі тұтынушылар — крахмал өндіретін кәсіпорындар, құрама жем зауыттары, құс фабрикалары және фармацевтикалық компаниялар.
Алдағы уақытта кәсіпорын жүгеріні бастапқы өңдеу және сақтау, поливинилхлоридті құбырлар өндіру және тамшылатып суару жүйелерін шығару бойынша үш зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі 23 млн АҚШ долларын құрайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1225465?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау