Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына орай Ақбұлақ бұлағы абаттандырылады
Қазақ әдебиеті мен өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын, сазгер әрі драматург Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында туған жері – Жарқамыс ауылындағы Ақбұлақ бұлағын абаттандыру жұмыстары басталды.
Осыған орай аудан әкімі Айбек Купенов Ақбұлақ басына арнайы барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында бұлақ аумағына көпір салу, тас төсемдер төсеу, айналасын көркейту және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына баса мән берілді.
Аудан басшысы бұл жұмыстардың тарихи-рухани маңызына тоқталып, табиғи келбеті мен тағылымдық мәнін сақтай отырып, аумақты заман талабына сай абаттандыру қажеттігін атап өтті.
Ақбұлақ – тек табиғи бұлақ қана емес, Бәкір Тәжібаевтың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Сондықтан бұл аумақты жаңғырту – тарихи мұраға тағзым жасап, ұлт руханиятына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Айта кетейік, Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған негізгі іс-шаралар биылғы қыркүйек айында Ақтөбе қаласында, сондай-ақ Жарқамыс және Қарауылкелді ауылдарында кең көлемде өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin/press/news/details/1225628?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау