Орал қаласында «Жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік телемедицина» атты Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумы өтті. Маңызды шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Корея Республикасының Католиктік Квандонг университеті жанындағы «Әулие Мария» халықаралық клиникасының президенті Ко Донг Хён бастаған делегация және өңір дәрігерлері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде цифрлық технологияларды енгізу арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. Жасанды интеллект бағдарламаларын қолдану мен кадрлардың біліктілігін арттыруға аймақта да баса назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға былтыр облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей бастамасымен Оңтүстік Корея тарапымен жасалған меморандум тың серпін берді. Екіжақты келісім аясында неврология және нейрохирургия саласындағы оралдық 10 маман «Әулие Мария» клиникасында тағлымдамадан өтті. Аймақ басшысы халықаралық симпозиумның ашылуымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан шетелдік қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі халықаралық симпозиумға медицина саласында озық тәжірибесімен танымал Оңтүстік Корея делегациясының арнайы қатысуы жергілікті мамандардың біліктілігін арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашатыны анық. Тың идеялар мен озық тәжірибе алаңы барлық тарап үшін пайдалы әрі нәтижелі болатынына сенемін, – деді Нариман Төреғалиев.
Халықаралық клиника президенті Ко Донг Хён да бірлескен жобаларды жан-жақты дамытуға дайын екенін жеткізді.
Пленарлық отырыс пен панельдік талқылауларда шетелдік мамандар жасанды интеллект көмегімен ауру белгілерін ерте анықтау, телемедицинадағы зияткерлік шешімдер, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және цифрлық деректер базасын қауіпсіз сақтау бойынша озық тәжірибесімен бөлісті. Симпозиумға қатысушылар көкейкесті сауалдарын қойып, өзара пікір алысты.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/1225202?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау