Екібастұзда 5 мыңнан астам жастың басын қосқан фестиваль өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Екібастұз қаласында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қауіпсіздік пен жасөспірімдер арасындағы тәуекелдердің алдын алуға бағытталған “Ekibastuz Fest: Заң мен тәртіп” атты ауқымды жастар фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты.

     Фестиваль профилактикалық жұмысты дәстүрлі форматтан тыс ұйымдастыруымен ерекшеленді. Бұл жолы кездесу мектеп қабырғасынан тыс, ашық қалалық алаңдарда өтіп, жастармен тікелей диалог орнатуға басымдық берілді. Шараға оқушылар, студенттер, ұстаздар, еріктілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

     Фестиваль “Таза Қазақстан” және “Адал азамат” бастамалары аясында өткізіліп, жасөспірімдермен жұмыста ерте қолдау көрсету мен алдын алу шараларына негізделген жаңа тәсілді таныстырды.

     Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр, облыс прокуроры Алмат Байшолақов, сондай-ақ білім беру, прокуратура, полиция және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

     Фестиваль барысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қонақтарға “Айқын нәтиже” тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан “Қауіпсіз шағынаудан” пилоттық жобасы таныстырылды. Жоба мектептер, құқық қорғау органдары және тұрғындар арасындағы байланысты күшейтіп, қауіп-қатерлерді ерте анықтауға бағытталған.

     “Қазақстан” алаңында интерактивті аймақтар жұмыс істеп, полицияның арнайы техникалары көрмеге қойылды. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың, есірткі қылмысының алдын алу бойынша акциялар мен экологиялық бастамалар ұйымдастырылды.

     Фестивальге қатысқан жастар есірткі жарнамасы салынған граффитилерді бояп, “Әділетті қоғам” арт-баннеріне өз тілектері мен ойларын қалдырды.

     Жиын барысында сөз сөйлеген Асайын Байханов ел болашағы жас ұрпақтың тәрбиесі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Екібастұз жастарының белсенділігіне, білімге ұмтылысына және еңбекқорлығына жоғары баға берді.

     Фестивальдің жалғасы ретінде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы ұйымдастырылып, қатысушылар мен құрметті қонақтар №26 мектеп аумағына ағаш отырғызды. Бұл шара қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастыру идеясын айшықтай түсті.

     Іс-шара жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға арналған “ҮШ ТАҒДЫР” қысқаметражды фильмінің көрсетілімімен қорытындыланды. Фильм арқылы жасөспірімдермен өмірлік таңдау, жеке жауапкершілік және ойланбай жасалған әрекеттердің салдары жөнінде ашық әңгіме өрбіді.

     Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай формат жастармен сенімді байланыс орнатып, оларды қоғам өміріне белсенді тарту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді тетігіне айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1225096?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version