Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және туризм бөлімі мен Түркістан қалалық полиция басқармасының туризм полициясы қызметкерлері бірлесіп, қала аумағында туристерге қызмет көрсететін электрокар жүргізушілері арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Түсіндіру барысында жүргізушілерге бірыңғай үлгідегі арнайы киім үлгісін сақтау, туристермен сыпайы әрі кәсіби қарым-қатынас орнату, қызмет көрсету кезінде этикалық нормаларды ұстану қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, қала имиджіне кері әсер ететін әрекеттерге жол бермеу, қоғамдық орындар мен туристік нысандар маңында қатты музыка қоймау талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ электрокарлардың тек белгіленген маршруттар бойынша қозғалу қажеттілігі айтылып, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау міндеттелді. Анықталған кемшіліктер бойынша жүргізушілерге нақты ескертулер беріліп, заңнама талаптары кеңінен түсіндірілді.
Жауапты мамандар тарапынан қызмет көрсету мәдениетін арттыру, туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және Түркістанның туристік беделін нығайту бағытындағы бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатыны жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1224837?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау