Ербол Қарашөкеев жамбылдық дарынды оқушылармен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарымен кездесті.
 
Кездесу басталар алдында өңір басшысы жас ғалымдар мен өнертапқыштардың жобалары қойылған көрмені аралап көрді.
 
Басқосуға барлығы 129 дарынды оқушы қатысты. Олар түрлі білім бәйгелері мен байқауларда топ жарып, өңір мерейін үстем етіп жүр. Биылдың өзінде жамбылдық оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 468 медаль жеңіп алған.
 
Сондай-ақ облыс құрамасы республикалық ғылыми жобалар байқауында 17 жыл қатарынан үздік команда атанып, олимпиада қорытындысымен «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды.
 
2025-2026 оқу жылын облыста 245 мыңнан астам оқушы аяқтаса, олардың 14 437-сі – мектеп бітіруші түлек. Жас түлектер қатарында еліміздегі және шетелдегі беделді жоғары оқу орындарының грант иегерлері де бар. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуде жамбылдық екі оқушы 140 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді.
 
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға сапалы білім беруге әрдайым ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
 
– Білімді ұрпақ – елдің тірегі. Сондықтан облыс көлемінде дарынды жастарды қолдауға, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға басымдық беріп келеміз. Соның бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатының ашылуы. Мұндай білім ордалары тәртіпті, білімді әрі отансүйгіш жастарды тәрбиелейді деп сенемін. 
 
Алдарыңызда үлкен өмір тұр. Қазір әрқайсыңыз өз жолдарыңызды таңдау кезеңіндесіздер. Біріңіз дәрігер, біріңіз инженер, ұстаз, ғалым немесе IT маманы боларсыздар. Қай саланы таңдасаңыздар да, ең бастысы – адамдық қасиетті жоғалтпау керек, – деді өңір басшысы.
 
Еркін форматта өткен жүздесуде оқушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.
 
Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ғабиден Сабыралы әкімнен халыққа қызмет етуде қандай қасиеттер маңызды екенін және басшылық қызметтегі қиындықтар жайлы сұрады.
 
– Халыққа қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Осы жолда мен сабыр сақтауды, адамдарды тыңдай білуді және әділ шешім қабылдауды үйрендім. Кейде бір адамның мәселесінің артында тұтас бір отбасының тағдыры тұрады. Әр өтінішке бейжай қарауға болмайды.
 
Күн сайын түрлі мәселе көтеріледі, әр адамның өз үміті бар. Сол сенімді ақтау – басты міндет. Кейбір түйткілді бір күнде шешу мүмкін болмауы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – тоқтап қалмай, халықпен бірге ортақ шешім іздеу маңызды. Жақсы басшы елдің ортасында жүруі керек деп ойлаймын, – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Бұдан бөлек, оқушылар өңір басшысының бала күнгі армандары, қазіргі мақсаттары, жастардан күтетін бастамалары мен жетістікке жетудегі тәртіп пен таланттың маңызы туралы да сұрақтар қойды.
 
– Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп бекер айтпаған. Адамды алға жетелейтін – білім мен еңбек. Қай жерде жүрсеңіздер де ізденістен танбаңыздар. Үлкен армандардан қорықпаңыздар. Еңбек еткен адам міндетті түрде нәтижеге жетеді. Баршаңызға мықты денсаулық, сәттілік және биік жетістіктер тілеймін! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың сенімін ақтап, елге қызмет ететін азамат болыңыздар, – деп түйіндеді кездесуін облыс әкімі.
 
Өз кезегінде дарынды оқушылар көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, болашақта ел сенімін ақтауға дайын екендерін жеткізді.
 
Айта кетейік, кездесуге қатысқан барлық дарынды оқушы облыс әкімінің Алғыс хатымен және қаржылай сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар талантты шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздарға да құрмет көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1225402?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version