Мектеп бітіру кештері мен сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірде білім беру ұйымдарында өтетін мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға қатысты талаптар нақтыланды. Оған сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығы бар. Оқу жылын аяқтауға арналған қандай шараларға рұқсат етілетіні және тыйым салынатыны туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, аттестат табыстау іс-шаралары тек мектеп ғимаратында немесе мектеп аумағында ата-аналар комитетімен келісу арқылы өткізіледі.

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі бұйрығына сәйкес мектептерде заңсыз ақша жинауға және артық шығындарға қатаң тыйым салынады. Атап айтқанда:
– мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алуға;
– мейрамхана, кафе, банкет залдарында кеш өткізуге;
– автокөлік шерулерін ұйымдастыруға;
– аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға;
– таңды қарсы алу, табиғат аясында мерекелік жиындар өткізуге;
– ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейді.
Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бітіру іс-шараларын қарапайым, тәрбиелік мәні бар форматта өткізу» – деді Бұлбұл Күзембаева.

Басқарма тарапынан мектеп бітіру іс-шараларын өткізу мен заңсыз ақша жинауға тыйым салынатыны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар соңғы қоңырау және аттестат тапсыратын күндері білім саласының қызметкерлері мен тәртіп сақшылары түнгі рейд жүргізеді.

Айта кетейік, өңір мектептерінде 2025-2026 оқу жылын 189 436 оқушы аяқтайды. Олардың ішінде 19 547 оқушы бастауыш сыныппен қоштасса, 15 713 жасөспірім негізгі мектепті тәмамдайды. Ал үлкен өмірге қадам басқалы тұрған 11-сынып түлектерінің саны 11 099-ға жетіп отыр. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 10 481 болған еді. Бұл мыңдаған жас түлектің алдағы уақытта мамандық таңдап, өмірлік бағытын айқындайтын жауапты кезеңге аяқ басқанын білдіреді.

Биыл да білім мен еңбектің нәтижесін көрсеткен үздік оқушылар қатары аз емес. 9-сынып бойынша 1 596 оқушы үздік аттестатқа үміткер болса, 11-сыныпты тәмамдайтын 707 түлек үздік аттестат алуға үмітті. Сонымен қатар 829 оқушы «Алтын белгі» иегері атануға ниет білдіріп отыр. Бұл көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда өсуі оқушылардың білім сапасына деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Мектептерде оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамыр күні аяқталады. Биылғы соңғы сынып сағаты «Білімім – Отаныма!» тақырыбында өтеді. Сынып сағаттарының мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделмек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-shetyrkyz/press/news/details/1224925?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version