Ермек Карентаев ауданның 60 жылдығы мен қазақ халқының даңқты перзенті, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтетін аумаққа арнайы барып, дайындық жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары барысында мерекелік бағдарламаның әр бағыты жан-жақты талқыланып, ұйымдастыру жұмыстарының барысы пысықталды.
Аудан басшысымен бірге арнайы құрылған жұмысшы топ мерекелік алаңды аралап, алдағы іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне қажетті мәселелерді қарастырды. Атап айтқанда, ұлттық спорт ойындарының ұйымдастырылу тәртібі, бәйге алаңының орналасуы, киіз үйлер тігілетін орындар, кәсіпкерлерге арналған сауда аумақтары, концерттік сахнаның орны мен көрермендерге жасалатын жағдайлар кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, мереке күндері келетін қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында автотұрақ мәселесі, санитарлық талаптарға сай дәретханалардың орналасуы, балалар ойын алаңдарының дайындалуы және жылқыларға арналған арнайы орындардың жай-күйі қаралды. Ұйымдастыру жұмыстары барысында тазалық сақтау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға барынша қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын барысында аудан әкімі мерейтойлық шаралардың аудан мерейін асқақтататын маңызды мәдени оқиға екенін атап өтті. Ол жауапты бөлім басшылары мен сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, әрбір бағыт бойынша жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды мереке өткізу басты мақсат екенін жеткізді.
Айта кетейік, 29-30 мамыр күндері өтетін қос мерейтой аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, мәдени-көпшілік шаралар, көрмелер, концерттік бағдарламалар және түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Жаза-Атаның киіз үйі арнайы тігіліп, музей қорында сақталған тарихи жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылады. Бұл шаралар аудан тұрғындары мен қонақтарына ұлттық рухты сезіндіріп, қазақтың еңбек пен елдік тарихын насихаттауға бағытталмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1225445?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау