21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл мереке — сахна сыртында жүріп, жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілік дарытып жүрген ұстаздар мен мәдениет саласы мамандарына көрсетілетін ерекше құрмет.
Осы мерекеге орай Әуезов ауданындағы Құрманғазы атындағы №7 балалар музыкалық мектебінің тынысымен таныс болыңыздар. 1966 жылдан бері білім ордасы талай жас таланттың өнерге деген алғашқы қадамына жол ашып келеді.
Бүгінде мектепте 340 оқушы білім алуда. Мұнда балалар фортепиано, скрипка, домбыра, қобыз, гитара, саксофон және вокал бағыттары бойынша тәлім алады. Әр сабақта балалар музыканы терең түсініп, сахна мәдениетін меңгеріп, өз өнерін еркін жеткізуге үйренеді.
Мереке күні мектеп қабырғасында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қобызшы Роза Құспанқызының 90 жас мерейтойына арналған жас музыканттар байқауы ұйымдастырылды. Жас өнерпаздар ұлттық аспаптың қоңыр үнін әуелетіп, өз шеберліктерін көрсетті. Бұл байқау балалар үшін үлкен тәжірибе ғана емес, ұлттық өнерге деген құрметтің көрінісі болды.
Құрманғазы атындағы №7 балалар музыкалық мектебінің ұстаздары мен оқушылары қалалық, аудандық және халықаралық байқауларда аудан намысын абыроймен қорғап келеді. Ал мектеп түлектері бүгінде Қазақстанда ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петербург, Чикаго, Сеул және Варшава қалаларындағы музыкалық оқу орындарында білімін жалғастыруда.
Мәдениет пен өнерді дамыту жолында еңбек етіп жүрген барша мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Шабыттарыңыз сарқылмай, еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-auezov/press/news/details/1225540?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау