Шетелдік инвестицияларды тарту және халықаралық іскерлік ынтымақтастықты кеңейту жұмысы аясында GIG холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Давид Бежуашвили бастаған грузиялық бизнесмендер делегациясы Қазақстан өңірлеріне сапармен келді.
Сапар барысында шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанның инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистикалық әлеуетімен танысып, бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын және қазақстандық тараппен практикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылауға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Астанада Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевпен келіссөздер өтті. Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Тараптар инфрақұрылымдық өзара іс-қимылды дамыту, көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру және шетелдік компаниялардың өзара мүдделі жобаларға қатысуы мәселелері бойынша пікір алмасты.
Көкшетауға сапар аясында делегация ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде тракторлар мен комбайндарды шығаруға маманданған KazRost кәсіпорындарын аралады. Аталған зауыттар грузиялық инвестициялардың қатысуымен ашылған. Бұл Қазақстан мен Грузия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың дәйекті дамып келе жатқанын көрсетеді. Сапар барысында делегацияға кәсіпорындардың өндірістік қуаты, технологиялық шешімдері және заманауи ауыл шаруашылығы техникасын шығару мүмкіндіктері таныстырылды.
Сонымен қатар ірі қара мал мен құсқа арналған құрама жем өндіретін жаңа Savory зауытына ерекше назар аударылды. Бұл кәсіпорын да 2023 жылы Тбилисиде өткен Silk Road форумында тараптар арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында грузиялық капиталдың қатысуымен ашылған. Делегация зауыттың өндірістік желілерімен, технологиялық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ оның өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қосатын үлесімен танысты.
Ақтөбеде іскер топтардың өкілдері Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесу өткізді. Тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін, инвесторларды сүйемелдеу және қолдау құралдарын, сондай-ақ өнеркәсіп, инфрақұрылым және экономиканың өзге де маңызды салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өңірлік экономиканы дамыту және халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны атап өтілді. Осы тұрғыда грузиялық бизнес өкілдерінің сапары пікір алмасу және одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындау үшін маңызды алаң болды.
Қазақстан мен Грузия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықта айтарлықтай оң серпін байқалады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Грузиядан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 312,7 млн АҚШ долларына жетіп, тәуелсіздік жылдары ішінде Грузиядан Қазақстанға түскен инвестициялардың жиынтық көлемінен едәуір асып түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1225269?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау