Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен және Смитсон институты Азия өнері ұлттық музейінің директоры Чейз Робинсонмен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар мәдениет, музей ісі, әдебиет, кинематография, креативті индустриялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесудің маңызды бағыттарының бірі әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі саналатын Смитсон институтымен өзара іс-қимылды дамыту болды. Осы орайда Қазақстан мен АҚШ-тың бейінді мекемелері арасында тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы байланысты нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және ілгерілетуге бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын іске қосу мүмкіндігін қарастырады. Жоба аясында өнер тарихы, археологиялық зерттеулер, музей коллекциялары, реставрация мәселелері, сондай-ақ музей қызметінде заманауи ғылыми және цифрлық тәсілдерді қолдану бағыттарына ерекше назар аударылады.
Музей мамандарының біліктілігін арттыру мәселесіне де айрықша мән берілді. Бұл бағытта Смитсон институты мен қазақстандық музейлердің мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасу, оқыту бағдарламаларын, сараптамалық консультациялар, семинарлар мен тағылымдамалар ұйымдастыру көзделеді.
Сонымен қатар кадр даярлау мәселесін пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл бағыт музей менеджменті, қорларды сақтау және зерттеу, реставрация, сондай-ақ экспозициялық жұмыс салаларындағы мамандардың кәсіби құзыретін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесуде климаттың өзгеруі жағдайында мәдени мұра нысандарын сақтау мәселесінің өзектілігі артып келе жатқаны да атап өтілді. Ауа райы жағдайының өзгеруі, әсіресе музейлер мен ашық аспан астындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау үшін заманауи шешімдер іздеуді талап етеді.
Сондай-ақ АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы аясында Қазақстан шетелде табысты өнер көрсетіп, еліміздің бай музыкалық мұрасын танытып жүрген HasSak этно-фольклорлық тобының концертін ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін растады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1224841?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау