Қазақстан мен Мысыр конфессияаралық диалог және теологиялық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Каир, 2026 жылғы 18 мамыр – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті. Кездесу барысында 2025 ж. 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIIІ Съезінің қорытындыларын талқылай келе, Қазақстан басшылығының Әл-Азхар аш-Шарифпен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға аса мән беретіндігіне назар аударылды.

Әл-Азхардың Бас имамы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында Астанада өткен кезекті VIII Съез жұмысының нәтижесі еліміздің жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету және нығайту бағытында маңызды рөлге ие болғандығын атап өтті. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуді әрқашан қолдайтындығын және дінаралық диалог пен келісімді насихаттау бағытында оның жұмыстарына тұрақты қатысуларын жалғастыратындықтарын мәлім етті.

Шейх А.ат-Тайеб Съез шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Мысыр делегациясын қабылдағанына ерекше назар аударып, бұл кездесу Әл-Азхардың Қазақстанмен ынтымақтастығына қосымша мықты серпін бергендігін қуанышпен атап өтті.

А.Жеңіс Қазақстанда соңғы уақыттарда орын алып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы баяндады. Атап айтқанда, жаңа Конституция 2026 ж. 15 наурызда өткен жалпыұлттық республикалық референдумда қабылданғандығын, жаңа Конституциялық реформаларға сәйкес елімізде Құрылтай депутаттарын сайлауы өтетіндігін, мемлекет жүйесіне Вице-президент лауазымы енгізілетінін, Халық кеңесі құрылатынын және басқа да елімізде өтіп жатқан маңызды саяси іс-шаралар туралы айтып берді.

Әл-Азхардың шейхі бауырлас Қазақстанға ерекше жылы сезіммен қарайтынына назар аударып, қазақ еліндегі ауқымды саяси реформалар ел халқының игілігіне және бұл өзгерістер Қазақстанның одан әрі гүлденіп, әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың берік негізіне айналу жолындағы маңызды қадам болуына шынайы тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, жұмыс кестесіне ыңғайлы уақытта Астанаға жұмыс сапармен баруға дайын екендігін мәлімдеді.

Қазақстан Елшісі Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебтің мерейлі 80 жасқа толуымен Қазақстан басшылығының атынан құттықтай отырып, дәстүрімізге сай Әл-Азхар шейхінің иығына шапан жапты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы Съез жұмыстары аясында және теологиялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екендіктерін қуаттады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-cairo/press/news/details/1225311?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version