Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ермекұлы Ластаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Абай Серікұлы Қайырбеков және Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Жаныбек Жамалбекұлы департаментке қарасты мекемелерде болды.
Мониторингтік сапар барысында қонақтар мекемелердің материалдық-техникалық базасымен, сотталғандарды ұстау жағдайларымен және жүргізіліп жатқан тәрбие-профилактикалық жұмыстармен танысты. Сонымен қатар сотталған азаматтардың тұрмыстық және санитарлық жағдайлары, медициналық қызмет көрсету сапасы, тамақтандыру деңгейі, еңбекпен қамту және кәсіптік даярлау бағытындағы жұмыстар жан-жақты зерделенді.
Сапар аясында мекемелердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы, сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және шағым беру тетіктерінің тиімділігіне ерекше назар аударылды. Делегация мүшелері мекеме аумақтарын аралап, өндірістік нысандардың, медициналық бөлімдердің, тұрғын жайлардың және тәрбие жұмыстары жүргізілетін кабинеттердің жай-күйімен танысты.
Кездесу барысында Омбудсмен Артур Ластаев сотталған азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде ҚАЖ комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Абай Серікұлы Қайырбеков қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, адам құқықтарын сақтау және халықаралық стандарттарға сәйкес жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Жаныбек Жамалбекұлы мекемелерде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, оларды еңбекке тарту және қоғамға бейімдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар құқықтық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі шаралар туралы ақпарат берілді.
Жүргізілген мониторинг пен жұмыс сапары қылмыстық-атқару жүйесіндегі ашықтықты арттыруға, сотталған азаматтардың құқықтарын қорғауға және пенитенциарлық жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiszhambyl/press/news/details/1225106?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау