Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрмыстық химия құралдары үй тазалығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын, алайда оларды дұрыс таңдамау мен талапқа сай пайдаланбау адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
Бүгінде дүкен сөрелерінде жууға, тазалауға арналған тұрмыстық химиялық өнімдердің сан түрі ұсынылған. Мамандар мұндай тауарларды сатып алу кезінде баға мен жарнамаға ғана емес, ең алдымен өнімнің қауіпсіздігіне назар аударуға кеңес береді.
Ең әуелі тауардың таңбалануын мұқият оқып шыққан жөн. Қаптамада өнімнің атауы, өндіруші немесе жеткізуші туралы мәліметтер, байланыс деректері, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, қолдану тәсілі мен сақтық шаралары толық көрсетілуі тиіс. Таңбалау мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы қажет.
Әсіресе «Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз», «Қолғаппен пайдаланыңыз», «Құрамында белсенді хлор бар» секілді ескерту жазбаларына мән берген дұрыс. Жуу және тазалау құралдарында қолдану мөлшері мен дозасы да көрсетілуі қажет.
Сонымен қатар өнім қаптамасының бүтіндігіне назар аудару маңызды. Құтылар мен ыдыстар мықтап жабылған, еш жері жарылмаған, ағып тұрмаған болуы керек. Егер қаптамасы бүлінген, ісінген немесе зақымданған болса, ондай өнімді сатып алмаған жөн.
Мамандар тұрмыстық химия өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы міндетті екенін де еске салады. Мұндай тауарларда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болуы тиіс. Сатып алушының талабы бойынша сатушы тиісті құжаттарды көрсетуге міндетті.
Тұрмыстық химияны қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды: өнімдерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, әртүрлі химиялық заттарды араластырмау, қажет болған жағдайда қорғаныш құралдарын пайдалану және химиялық заттарды азық-түлік ыдыстарына құймау қажет.
Тұрмыстық химияны дұрыс таңдау — отбасы денсаулығы мен үй қауіпсіздігінің кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1225666?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау