Қоғамның белсенді қызығушылығына және көптеген сауалдардың туындауына байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) есептеу әдістемесіндегі жоспарланған өзгерістерді түсіндіреміз.
ТЖШ есептеу әдістемесін қайта қараудың мақсаты – болашақ жинақтаушы зейнетақының жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттыру, зейнет жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісті алмастыру коэффициентін (КАК) кезең-кезеңімен (ең төменгі халықаралық стандарттарды ескере отырып) өсіру.
Өзгеріс жасауға не себеп болды?
Қолданыстағы Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері жыл сайын бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, ең төменгі жалақы мөлшері мен инвестициялық кірістілік негізінде болашақ зейнетақы жарналарының болжамды көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілген есептеулер нәтижесінде белгіленеді.
Бұл ретте қолданыстағы Әдістеменің бірқатар осал тұстары бар:
- ұзақ мерзімді макроэкономикалық болжамдарға тәуелділік, осының әсерінен жыл сайын ТЖШ мөлшері құбылмалы болады;
- салымшының болашақ зейнетақы жарналарын нақты төлеуіне кепілдіктердің болмауы;
- болашақ зейнетақы төлемдері мөлшерінің аздығы.
Қолданыстағы әдістеме бойынша, азамат зейнетақы жинақтарының ТЖШ-дан асатын бөлігін пайдаланған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аударуды одан әрі қарай жалғастырады деп болжанған. Мұндай жағдайда болашақта шамамен қазіргі күнкөріс минимумы (КМ) деңгейін, яғни 50 мың теңгеге жуық төлем алуы мүмкін. Алайда іс жүзінде жарналар тұрақты аударылмауы немесе мүлде тоқтауы мүмкін. Соның себебінен бүгінгі ТЖШ болашақ зейнетақы көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ете алмайды деген қауіп бар. Жарналар уақытылы аударылып, іс жүзіндегі ТЖШ мөлшерін қамтамасыз еткеннің өзінде 50 мың теңге көлеміндегі жинақтаушы зейнетақы бүгінгі медианды жалақының 15%-на да жетпейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-bayanaul/press/news/details/1225086?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау