Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен «Заң мен тәртіп», «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан прокуроры Талғат Бектұрсынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қармақшы аудандық бөлімшесінің бастығы Дәулет Қожақұлов, сондай-ақ бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ардагерлер кеңесінің өкілдері, ата-аналар, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жиында аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігінің маңыздылығын атап өтті.
“Қазақ халқы ежелден әділдік пен тәртіпті жоғары бағалаған. Дала заңын сақтап, сөз қадірін білген халқымыз ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы қағиданы терең түсінетін азаматтық әрі мәдени орта қалыптастыруымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз ететін негізгі құқықтық ұстаным. Заң үстемдігіне негізделген қоғамда барлық әрекет пен шешім заң аясында жүзеге асады. Осы орайда, біздің ортақ мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу және оған жол бермеу”, – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Жиында аудандық прокуратураның прокуроры Әділжан Оразғали «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында атқарылған шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мәулен Өсер құқық бұзушылық профилактикасы және алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталса, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Белсенбаев жазғы демалыс кезеңінде балалар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері жөнінде баяндады.
Сонымен бірге, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Жомарт Әбжаппаров пен білім саласының ардагері Гүлнар Бекмолдаева сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, оқушылардың түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында бірлескен түнгі рейдтік жұмыстарды тұрақты ұйымдастыруды ескертті.
Бұдан бөлек, су айдындарында қауіпсіздік белгілері мен ескертпелер орнату, қауіпті аймақтарды белгілеу және суға түсу маусымында қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылауды күшейту міндеттелді.
Сонымен қатар, балалардың зиянды әдеттерден аулақ болуына бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі тапсырылды.
Жиын соңында ата-аналар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ашық пікір алмасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhalagash/press/news/details/1225712?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау