Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешені табысты дамуын жалғастыруда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, саланың басым бағыттары жерді тиімді пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту болып қала береді.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы 640 мың гектар алқаптан 3,2 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналды. Биыл егіс көлемі 627,7 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3 мың гектарға аз.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға 356,5 мың гектар, майлы дақылдарға — 40 мың гектар, қант қызылшасына — 8,5 мың гектар, картопқа — 8,4 мың гектар, көкөніске — 23,6 мың гектар, бақша дақылдарына — 4,7 мың гектар, мал азықтық дақылдарға 186 мың гектар жер бөлінген.
Егіс алқаптарының қысқаруы №85 суару каналының жөндеу жұмыстарына байланысты. Жоба Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылуда. Осыған байланысты суармалы суға тәуелді көкөніс және бақша дақылдарының көлемі 15,5 мың гектарға қысқартылды.
Сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған дақылдар көлемі артып келеді. Атап айтқанда, жүгеріні қоса алғанда дәнді дақылдардың егіс көлемі 11,8 мың гектарға, қант қызылшасы 1,9 мың гектарға ұлғаяды.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруалар тұқыммен толық қамтамасыз етілген — 58 мың тонна тұқым дайындалды. 2025 жылдың күзінде 145,1 мың гектар алқапқа 25,7 мың тонна күздік дақыл егілді.
2026 жылы 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 50,5 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалып, оның 48,2 мың тоннасы жөнелтілді.
Көктемгі егіс жұмыстарына 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Өңірге 7,3 мың тонна жеткізіліп, оның 6,1 мың тоннасы агроқұрылымдарға таратылды.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарына шамамен 10,7 мың техника жұмылдырылған. Оның ішінде 5447 трактор, 1032 соқа, 562 қопсытқыш және 645 сепкіш бар.
«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 234 шаруаға жылдық бес пайызбен жеті миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. 2025 жылы 209 шаруа қожалығы 4,9 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды.
Қазіргі таңда өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. 165,5 мың гектар жер жыртылып, 324,4 мың гектар алқап егіске дайындалды. Жаздық дақылдар 314,5 мың гектар жерге орналастырылып, жоспардың 95,8 пайызы орындалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1224897?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау