Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Жетісуда бірқатар сала мамандарына мемлекеттік наградалар табыстады. Сол сияқты мәдениет мекемелері алты номинация бойынша марапатталып, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атанған Халық шығармашылығы орталығына жеңіл автокөліктің кілті табысталды. Осы күні жалпы саны 50-ден астам қызметкерге түрлі деңгейдегі марапат берілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты жиында сала мамандарын құттықтаған өңір басшысы мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі маңызын тілге тиек етіп, облыста аталған саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталып өтті.
– Бүгінгі күні заманға сай өрісі кеңейген руханият саласы сонау көне ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дәуірлерді жалғаған, дәстүрлерді үзбеген халықтың төл танымы да осы мәдениет пен өнерде жатыр. Бұл ретте ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің еңбектері ерекше. Еліміздің мәдени, рухани өміріне жаңа өріс, дем беріп, жарқын істердің ұйытқысы болып, әрқашан да биіктен көрінулеріңізге тілектеспін, – деген Б.Исабаев саланың дамуына еңбек сіңірген бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырды.
Атап айтқанда, Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрінің аспапшы әртісі Өмірсерік Араповқа «Құрмет» ордені, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының «Ардагерлер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Азат Құрсабаев пен Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Мұқышеваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Сонымен қатар «Үздік халық театры» номинациясы Панфилов аудандық Дәнеш Рақышев атындағы халық театрына, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымы Қаратал ауданындағы «Қызғалдақтар» вокалдық тобына берілсе, Көксу аудандық мәдениет үйі «Үздік мәдениет үйі», Алакөл ауданындағы Лепсі тарихи музейі «Үздік музей», Ақсу аудандық кітапханасы «Үздік кітапхана» атанды. Олардың бәріне ақшалай сыйлық сертификаттары берілді. Ал Үздік облыстық мәдениет мекемесі деп танылған облыстық Халық шығармашылығы орталығына жеңіл автокөліктің кілті табысталды.
Марапатталушылар атынан сөз сөйлеген Өмірсерік Арапов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, облыста мәдениет саласына көрсетіп отырған қолдаулар үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ бұл марапат осы салада қызмет етіп жүрген барша мамандардың еңбегіне берілген лайықты баға деп білетінін айтты.
«Үздік мәдениет үйі» атанған Көксу аудандық мәдениет үйінің директоры Әлішер Жанғабылов өз пікірін білдірді:
– Ауданымыздың өнерпаздары бүгін ерекше қуаныш үстінде. Біздің ауданда жалпы 12 мәдениет үйі бар. Оларда «Көксу толқыны» ансамблі, «Ақ кимешек» әжелер ансамблі, Мұқыры халық театры, балалар оркестрі сияқты бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Біздің аудан былтыр «Жер жаннаты Жетісу» телевизиялық мәдени жобада Бас жүлдені иелендік. Өткен жылы өңірдің мәдениет саласындағы барлық көрсеткіштер бойынша түзілетін рейтингіде Талдықорған қаласынан кейінгі екінші орыннан көріндік. Биылғы жылдың да бастамасы жаман емес. Бұл – біздің ортақ еңбегіміздің жемісі, – деді ол.
Сол сияқты «Үздік музей» атанған Алакөл ауданындағы Лепсі тарихи музейінің меңгерушісі Гүлбаршын Мереева да ой қосты:
– Біздің музейдің тарихы Лепсі ауылындағы жергілікті өлкетанушы Мухарам Хайбуллиннің бастамасымен 2021 жылы мектеп ішінде құрылған шағын музейден басталады. Кейін демеушілердің көмегімен музей жеке ғимаратқа көшіріліп, қазір бұрынғы Лепсі уезінің тарихынан сыр шертетін экспонаттар біршама толықтырылды. Музейде 11 адам жұмыс істейді, оның 6-уы шығармашылық қызметкер. Бүгін еңбегімізді бағалап, арнайы аталымның жеңімпазы болғанымызға қуаныштымыз, – деді Г. Мереева.
Салтанатты шара мерекелік концертпен қорытындыланды.
Бір атап өтерлігі, бүгін Астана қаласында Ақордада Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің аспапшы-әртісі Айнаш Қабыкеноваға «Құрмет» ордені, ал Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі Базарбек Тоқымтаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы табысталды.
Жалпы, Жетісу облысы құрылғалы бері салаға көрсетілген қолдаудың арқасында мәдениет және архив мекемелерінің штат саны 335 бірлікке артты. Елді мекендерде 32 мәдениет нысаны ел игілігіне берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Сондай-ақ Сарыөзек ауылында заманауи кітапхана салынуда. Оған қоса Талдықорған қаласында Көркемөнер галереясы базасында заманауи креативті хаб ашылады. Өткен жылы өңір өнерпаздары елеулі табыстарға қол жеткізіп, соның ішінде ең үлкен белес – Б. Римова атындағы драма театрына Академиялық мәртебе берілген болатын. Сонымен қатар облыстың 14 көркемөнерпаздар ұжымы «Халықтық» ұжым атағына ие болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/1225331?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау