Бүгін облыс әкімі Н.А. Сақтағановтың төрағалығымен қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен өзекті мәселелер бойынша өткен кеңесте 2026 жылдың І тоқсанындағы облыс тұрғындарының иммунопрофилактикамен қамтылу жағдайы туралы баяндама жасадым.
Өкінішке қарай, облысымыздағы қалалық және аудандық емханалардың бірде-бірі Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жоспарланған екпелерді толық орындаған жоқ. Демек, ағымдағы жылдың І тоқсанында облыс орталығы тұрғындарын тіркеуге алған қалалық медициналық ұйымдардың ешқайсысы екпемен толық қамтуды қамтамасыз ете алмады.
Екпелердің орындалмау себептерінің пайыздық үлесіне жүргізілген талдау нәтижесінде, олардың 73%-ы медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екені анықталды.
Сонымен қатар, кейбір медициналық ұйымдарда медициналық қарсы көрсетілімдер, екпеден бас тарту немесе өзге де объективті себептер болмағанына қарамастан, екпемен қамту көрсеткіштері орындалмаған. Мұндай жағдайлардың негізгі себептері – балаларды екпеге уақтылы шақырмау, жүргізілген екпелер туралы мәліметтердің медициналық ақпараттық жүйеге дұрыс енгізілмеуі немесе мүлде енгізілмеуі.
Баяндамада облыстағы иммундау саласындағы негізгі өзекті мәселелер ретінде медициналық қызметкерлер тарапынан екпелерге негізсіз медициналық шектеулер қою, ата-аналардың екпеден бас тартуы және жіберіп алынған мүмкіндіктер аталды.
Сондай-ақ, облыстың Денсаулық сақтау басқармасында иммунопрофилактика қызметін облыс көлемінде ұйымдастыруға жауапты бөлімнің жоқтығы атап өтіліп, облыс әкімінен осы мәселені шешуге қолдау көрсету сұралды.
Облыс әкімі өз сөзінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 12-бабы 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ететіні және медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіретіні көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде жоспарлы екпелермен қамту деңгейі 95%-дан төмен болмауы тиіс екендігін еске салды.
Осыған байланысты баяндамада көтерілген мәселелер бойынша қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасына нақты бағытталған тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
Әрине, бұл тапсырмалар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына да елеулі жауапкершілік жүктейді. ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармаларының мамандары жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға күш салады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-vko/press/news/details/1226638?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау