Бүгін Атырау қаласында «ШеберFEST – 2026» халықаралық қолөнер фестивалі өз жұмысын бастады. Мұнайлы шаһар екі күн бойы сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін, этнодизайнерлер мен ұлттық мұраны насихаттаушыларды тоғыстырған үлкен алаңға айналды.
Фестивальдің салтанатты ашылуы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен басталып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Фестиваль бірнеше тақырыптық аймақта ұйымдастырылған. Көрме-жәрмеңкеге жүзге жуық қолөнер шебері қатысуда. Өңірдегі ауқымды рухани-мәдени іс-шараға жиналған жұртшылық туындыларды тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып ала алады.
Жұртшылықтың ерекше қызығушылығына ие болған алаңдар қатарында ұлттық тағамдар көрмесі мен этнодефиле бар. Онда қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін тереңірек тануға болады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар ұсынылған «ГастроFEST» алаңы да көпшіліктің назарын аударуда.
Фестивальдің екінші күні де мазмұнды бағдарламамен жалғасады. Қонақтарға киіз басу, тоқыма тоқу, зергерлік бұйым жасау, тері және ағаш өңдеу, қыш ыдыс әзірлеу, тоқу өнері бойынша шеберлік сабақтары ұсынылады. Сондай-ақ ұлттық спорттық-танымдық ойындар мен аудандық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары өтеді.
«ШеберFEST-2026» – халық өнерін, мәдени мұраны және ұлттық дәстүрлерді заманауи форматта дәріптеуді мақсат еткен бірегей мәдени алаң.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1226858?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау