Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 3–15 мамыр аралығында өткен бокстан жасөспірімдер (U15) арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сары құрлықтың кілең мықтылары жиналған дүбірлі додада Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Келес ауданының тумасы Саят Рахымберді күміс жүлде иегері атанды.
Келес ауданы «Келес спорт клубының» шәкірті Саят Рахымберді 33 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жарыс жолында өзінің техникалық дайындығы мен жеңіске деген ерік-жігерін танытқан жас былғары қолғап шебері финалға дейінгі кездесулердің барлығында қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірді.
Әсіресе, жартылай финалдағы жекпе-жек спортсүйер қауымның ерекше ықыласына бөленді. Саят үшін турнирдің ең жауапты кезеңі жартылай финалдағы Шамшод Комиловқа қарсы өткен кездесу болды. Өзбекстандық былғары қолғап шеберіне өз жанкүйерлерінің алдында еш мүмкіндік қалдырмаған жерлесіміз 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Осылайша, шаршы алаң иесінен айласын асырған Саят финалға нық қадам басты.
Ақтық сында Саят Үндістан елінің үздік боксшысымен қолғап түйістірді. Тартысқа толы әрі деңгейі жоғары өткен жекпе-жек нәтижесінде жерлесіміз Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанағат тұтты. Бұл жетістік — жас спортшының халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жеңістерінің бірі.
– Саяттың бұл жеңісі — тек Келес ауданының ғана емес, бүкіл еліміздің мерейі. Жасөспірімдер арасындағы мұндай бәсекелестікте жүлде алу — үлкен еңбек пен қажырлы жаттығудың жемісі, — дейді мамандар.
Келес спорт клубының шәкірті бағындырған бұл белес — аудан спортының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Саят Рахымбердінің Ташкент төріндегі жеңісі жас спортшының кәсіби мансабындағы маңызды қадам болып қана қоймай, өңірдегі бокс мектебінің даму қарқынын айқындап берді. Ендігі кезекте жас былғары қолғап шебері алдағы ірі турнирлерге дайындығын пысықтап, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауды жалғастырмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226863?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау