«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Көліктегі полиция департаменті елімізге келетін шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыруда.
Жыл басынан бері көлік полицейлері QR-коды бар 233 мыңға жуық туристік карточка таратты. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасына кіру кезінде, оның ішінде халықаралық әуежайларда, жолаушылар пойыздарында және теміржол вокзалдарында таратылуда.
Шетел азаматтарын ақпараттандыруға бағытталған кезекті акция Астана халықаралық әуежайында өтті. Онда «Камрань – Астана», «Мәскеу – Астана», «Ташкент – Астана» және «Омбы – Астана» бағытындағы әуе рейстерімен келген жолаушыларға туристерді қолдауға арналған цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі бар туристік карточкалар табысталды. Осындай ауқымды іс-шаралар Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларының әуежайларында да ұйымдастырылды. Бір күннің ішінде тәртіп сақшылары шамамен 400 туристік карточка таратты.
Көліктегі ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Тоғызбаевтың айтуынша, жазғы маусымның басталуымен алыс және жақын шетелден келетін қонақтар саны едәуір артады. Негізгі міндет – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ елімізге келетін азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау.
«Шетел азаматтары туристік карточкаларды елге кірген сәттен бастап алады. QR-код арқылы олар safetravel.kz порталы мен мобильді қосымшасына өтіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Онда шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері, көші-қон есебінің тәртібі, такси сервистері мен ұялы байланыс операторлары туралы мәліметтер, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі жеке қауіпсіздікке қатысты ұсынымдар орналастырылған. Бұл туристерге жылдам бағдар алып, қажет болған жағдайда жедел көмек алуға мүмкіндік береді», – деді Е. Тоғызбаев.
Профилактикалық іс-шаралар барысында Ресейден келген туристер көрсетілген көмек үшін қызметкерлерге алғыстарын білдіріп, мұндай қолдау өзге елде сенімділік пен қорғалғандық сезімін қалыптастыратынын атап өтті. Ал Ташкенттен келген қонақтар көші-қон мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Полицейлер оларға ҚР көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндірді.
Шетелдік туристерді ақпараттандыру және сүйемелдеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қонақтар үшін ашық әрі қауіпсіз мемлекет ретіндегі жағымды имиджін қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1226497?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау