Бүгін, 21 мамыр күні Ақтау қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, сала ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекелік кешке мәдениет және өнер саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, зиялы қауым мен ардагерлер қатысты.
Облыс әкімі мәдениет саласы ұлт руханиятының негізі екенін атап өтіп, өнер иелерінің өңірдің рухани дамуына қосып отырған үлесіне жоғары баға берді.
– Мәдениет – ұлттың жаны, елдің рухани тірегі. Сіздер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп келесіздер. Мемлекет тарапынан мәдениет саласына әрдайым қолдау көрсетіледі. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Шара барысында 20-дан астам мәдениет қызметкері мемлекеттік марапаттарға ие болып, бірқатар сала мамандары «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, «Құрмет» орденімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
Сонымен қатар мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ардагерлер мен мерейтой иелеріне арнайы құрмет көрсетілді.
Іс-шара соңы қазақстандық эстрада әншілері мен өңірлік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1226045?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау