Пресс-релиз 2026 жылғы 21 мамырда Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 21 мамырда Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста 2022–2025 жылдар кезеңіндегі Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік активтерді басқару және пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Аудитпен өңірдің 9 медициналық ұйымының қызметі қамтылды, оның ішінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары, аудандық және қалалық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем қызметі, мамандандырылған медициналық мекемелер мен медициналық колледж бар. Аудитпен қамтылған бюджет қаражатының жалпы көлемі 11,1 млрд теңгені құрады.

Аудит барысында бюджет қаражаты мен активтерді пайдалану тиімділігіне, корпоративтік басқару жағдайына, қаржылық-шаруашылық қызметке, медициналық көмекті ұйымдастыруға, мемлекеттік мүлікті басқаруға, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және еңбек қатынастары туралы заңнаманың сақталуына кешенді баға берілді.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 3,4 млрд теңгені құрайтын бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, оның ішінде:

– қаржылық бұзушылықтар — 483,3 млн теңге;

– бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану — 2,64 млрд теңге;

– бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау — 245,3 млн теңге;

– шығындар мен жіберіп алынған пайда — 42,1 млн теңге.

Сонымен қатар, рәсімдік сипаттағы 70 бұзушылық және 22 жүйелі кемшілік анықталды.

Аудит барысында бірқатар медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару мен ішкі бақылау саласындағы жүйелі проблемалардың сақталып отырғаны анықталды. Құрылтай құжаттарын уақытылы өзектендірмеу, байқау кеңестерінің қызметіндегі бұзушылықтар, стратегиялық даму мәселелерін қарауға формалды көзқарас және кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметіне бақылаудың жеткіліксіздігі фактілері анықталды.

Аудит объектілерінің барлығына жуығында даму жоспарларын әзірлеу және орындау барысында кемшіліктер анықталды. Жекелеген сапа және нәтижелілік көрсеткіштерінің болмауы, есептіліктің толық еместігі, өлім-жітім көрсеткіштері, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейі, қашықтан медицинаны дамыту және стационарлық көмектің тиімділігі сияқты әлеуметтік маңызы бар индикаторлар бойынша мәліметтердің болмауы анықталды. Бұл есептілікке формалды сипат беріп, медициналық ұйымдар қызметінің тиімділігін объективті бағалау мүмкіндігін шектеген.

Қаржылық-шаруашылық қызметті талдау медициналық ұйымдардың мемлекеттік қаржыландыру мен МӘМС жүйесі қаражатына жоғары тәуелділігін көрсетті. Шығыстардың негізгі бөлігін еңбек ақы төлеу, дәрілік заттарды сатып алу, объектілерді күтіп-ұстау және материалдық-техникалық жарақтандыру шығындары құрайды. Сонымен қатар, жекелеген ұйымдар есепті кезеңдерді шығынмен аяқтаған, сондай-ақ таза табыстың бір бөлігін бюджетке уақтылы аударуды қамтамасыз етпеген.

Аудит барысында мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп, еңбек қатынастары және мемлекеттік мүлікті басқару салаларындағы заңнама бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда:

– жекелеген төлемдер мен үстемеақыларды негізсіз есептеу;

– кейбір құрылыс жұмыстары құнының негізсіз жоғары көрсетілуі;

– тұрақсыздық айыппұлдарын уақытылы өндіріп алмау;

– жекелеген жылжымайтын мүлік объектілерінің мемлекеттік тіркеуден өтпеуі;

– мүлікті тиісті рәсімдеусіз пайдалану;

– орындалған жұмыстардың электрондық актілеріне қол қою кезіндегі бұзушылықтар;

– жарғылық қызмет шеңберінен тыс ақылы қызметтер көрсету фактілері анықталды.

Медициналық ұйымдардың мүліктік кешендерінің жай-күйіне ерекше назар аударылды. Ғимараттар мен инфрақұрылымның едәуір бөлігі ұзақ уақыт пайдаланылып келе жатқаны және физикалық тозу деңгейінің жоғары екені анықталды. Бірқатар объектілерде желдету жүйесінің болмауы, гараж орындарының тапшылығы, мамандандырылған жөндеу бокстарының жоқтығы және үй-жайлардың заманауи санитарлық әрі пайдалану талаптарына сәйкес келмеуі мәселелері анықталды.

Сонымен қатар, аудит барысында жекелеген медициналық ұйымдар қызметінің оң нәтижелері де атап өтілді. Өңірде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі, диагностикалық және зертханалық қызметтердің дамуы, медициналық көмектің көлемін кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту және материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша іс-шаралардың іске асырылуы қамтамасыз етілуде. Бірқатар бағыттар бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, стационарды алмастыратын технологияларды дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бөлігінде оң үрдістер тіркелді.

Аудит шеңберінде медициналық қызметтердің сапасы мәселелері бойынша халық арасында сауалнама да жүргізілді. Сауалнама нәтижелері респонденттердің басым бөлігі медициналық көмектің сапасын, медицина қызметкерлерінің жұмысын және қызметтердің қолжетімділігін оң бағалайтынын көрсетті. Сонымен қатар, халық тарапынан бейінді мамандарға жазылу, кадр тапшылығы, дәрілік қамтамасыз ету және медициналық ұйымдардың материалдық жарақтандырылуы мәселелері атап өтілді.

Аудит қорытындысы бойынша объектілерге анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюға, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруға, корпоративтік басқаруды жетілдіруге, медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Ұлытау облысы халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.

Заңнаманы бұзудың 80 фактісі бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберіліп, жауапты лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралды. Олардың 25 бойынша 1 269,0 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды.

Мемлекеттік аудит объектілерінің мекенжайына анықталған бұзушылықтарды жою және бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар жіберілді.

Аудиторлық іс-шараның қорытындылары Ұлытау облысының мәслихаты мен әкімдігіне жолданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/revkomulytau/press/news/details/1226747?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version