Қарағанды облысының командалары зияткерлік мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен шағын футболдан республикалық турнирде жүлделі орындарға ие болды. SENI CUP – 2026 Kazakhstan жарысы Алматы облысының Қарғалы ауылында ұйымдастырылды.
Дәстүрлі додаға Алматы, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарынан келген 13 команда қатысты. Турнир екі кіші топ бойынша өтіп, іріктеу кезеңінен кейін үздік ұжымдар жартылай финал мен финалда ел кубогын сарапқа салды.
Қарағанды облысының намысын Қарағанды қаласындағы №2 және №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, сондай-ақ Саран және Қарқаралы қалаларының командалары қорғады.
«Б» кіші тобында Қарқаралы ауданынан келген «Сарыарқа» командасы сәтті өнер көрсетті.
Ал «А» тобында бақ сынаған сарандық «Спарта» турнирдің күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар жарыстың үздік сұрмергені атағы команда ойыншысы Артём Гайнутдиновқа берілді.
Қола жүлдені қарағандылық «Жеңіс» командасы иеленді.
Командалардың жаттықтырушыларының айтуынша, турнир тартысты әрі көрермен қызығушылығын тудырған әсерлі кездесулерге толы болды.
— Белгілі бір қиындықтарға қарамастан, қатысушылар қарсыластардың қысымына лайықты төтеп беріп, ұйымшылдық пен нағыз спорттық рухтың үлгісін көрсетті, — деп атап өтті бапкерлер.
Қарқаралы аудандық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрболат Доңғұловтың айтуынша, олардың тәрбиеленушілері SENI CUP турниріне алғаш рет қатысып отырған жоқ және жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келеді.
— Бұл жолы да біздің жігіттер жоғары деңгейде ойын көрсетті. Олар екі дивизионда бес командамен мықтылар атағы үшін бақ сынады. Бұл — бас бапкер Мұхаметкәрім Мұсатаевтың еңбегінің нәтижесі, – деді Нұрболат Доңғұлов. — Біздің команда үшін ең тартысты қарсылас жерлестеріміз — «Жеңіс» командасы болды. Жалпы, республикалық жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ ол турнирдің үздік қақпашысы атағы Владислав Мухамеджановқа берілгенін айтты.
Мәлімет Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты негізінде дайындалды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1226871?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау