ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ ҮМІТТЕРІ КЕЛЕС ТӨРІНДЕ БАС ҚОСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінде бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Сарыағаш және Келес аудандары мен Шымкент қаласының Құрметті азаматы Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған XXIII халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
18–23 мамыр аралығында өтетін дәстүрлі жарысқа 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер қатысуда. Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен келген 17 команда құрамындағы 237 жас спортшы бақ сынауда.
Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау облысынан, сондай-ақ Түркістан облысының Мақтаарал, Төлеби, Қазығұрт, Созақ, Ордабасы, Байдібек, Кентау, Келес, Жетісай және Шардара аудандарынан келген жас былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда өзара мықтыны анықтайды.
Жарыстың ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған бұл халықаралық турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауына және үлкен спортқа қадам басуына зор мүмкіндік береді. Осындай жарыстар өскелең ұрпақтың бойында табандылық, тәртіп және жеңіске деген ұмтылысты қалыптастырады. Барлық қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жоғары нәтижелер тілеймін, — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, турнирдің құрметті қонағы Нұржан Сманов сөз сөйлеп, жас спортшыларға ақ жол тілеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир биыл 23-рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі дода жыл сайын жас боксшылардың басын қосып, олардың тәжірибе алмасуына және спорттық шеберлігін арттыруына мүмкіндік беріп келеді.
Бес күнге созылатын жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы марапатталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226873?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version