Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл бастама балалардың демалысын, білім алуын және сауықтырылуын ұйымдастыруға бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту және құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмау мақсатында лицензияның қолданылу мерзімі бес жыл болып белгіленді. Бұл ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Лицензиялау балаларға көрсетілетін білім беру және сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жаңа талаптарға сәйкес, балаларды сауықтыру орталықтары инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік бойынша белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс.
Жаңа жүйе талаптарға сәйкес келмейтін және қауіпсіздік нормаларын сақтамайтын бейресми ұйымдардың қызметін шектеуге де мүмкіндік береді. Нәтижесінде көрсетілетін қызмет сапасы артып, ұйымдардың жауапкершілігі күшейеді.
Балаларды сауықтыру орталықтарына қойылатын негізгі лицензиялық талаптар:
білім беру және сауықтыру бағдарламаларының болуы;
білікті педагогикалық және медициналық кадрлармен қамтамасыз етілуі;
санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы;
қауіпсіздік жүйелерінің болуы;
материалдық-техникалық базаның белгіленген стандарттарға сәйкестігі.
Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру үшін әкімдіктер жанынан ведомствоаралық штабтар құрылды. Ведомствоаралық комиссиялар балаларды сауықтыру орталықтарының маусымға дайындығына алдын ала бағалау жүргізуде. Оқу-ағарту министрлігінің білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменттері балаларды сауықтыру-білім беру орталықтарының өтінімдері негізінде лицензия рәсімдейді.
Қабылданған шаралар балалардың демалысы мен сауықтырылуын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ елде білім беру және сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандартын қалыптастыруға мүмкіндік береді.