ҚАЗЫҒҰРТ: “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ҒИМАРАТЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов “AMANAT” партиясының ғимаратында тұрғындармен жеке кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелерді назарға алды. Қабылдауға келген азаматтар аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар маңызды ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар ең алдымен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Жеті қазына – ұлт рухы» атты рухани-танымдық іс-шараның жоғары деңгейде өткенін ерекше атап өтті. Ауқымды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүр мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын кеңінен насихаттауға зор ықпал еткені айтылды. Сонымен қатар, іс-шараның мазмұнды әрі тағылымды өтуіне аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді.
Қоғамдық қабылдау барысында елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері де кеңінен көтерілді. Тұрғындар жол сапасын жақсарту, ауылішілік көшелерді жөндеу, жарықтандыру және газдандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Әсіресе Қаржан ауылының тұрғындары жол, жарық және газ мәселелерінің халық тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Кездесуде қоршаған ортаны қорғау және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де сөз болды. Тұрғындар қоқысты қайта өңдеу жұмыстарын жүйелі жолға қойып, тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.
Ауыз сумен қамту мәселесі де қоғамдық қабылдаудың негізгі тақырыптарының бірі болды. Тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету халық денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді сұрады.
Қабылдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Қақпақ ауыл округіндегі жайылым жер тапшылығы. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар бұл мәселенің ауыл тіршілігі үшін аса маңызды екенін айтып, нақты шешімдер қабылдауды сұрады.
Кездесу соңында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғынның мәселесі қаралды. Найзағай түсіп, меншігіндегі 21 бас ірі қара малы қырылған азаматқа елеулі материалдық шығын келгені айтылып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті көмек көрсету және қолдау шараларын қарастыру мәселесі көтерілді.
Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер аудан басшылығының бақылауында екені айтылып, әрбір өтініш заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатыны жеткізілді. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты мәселелерді назарға алған мұндай кездесулер ел сенімін нығайтып, өңірдің дамуына серпін беретіні анық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1226698?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version